IV Алматы марафоны басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласында таңғы сағат 8:15-те IV Алматы марафоны басталды. Оған 15 000 жуық адам қатысуда. Олардың арасында қарапайым қала тұрғындары, белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының, Алматы әкімдігінің өкілдері және басқа көптеген мекемелердің қызметкерлері қатысуда.
Марафон басталар алдында қатысушылардың алдында қысқаша сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгінгі күннің ерекше күн екендігін, өйткені жарыстың кезектен тыс Президент сайлауымен қатар өтіп жатқандығын айтып, жарыстан соң қатысушыларды сайлаушылар ретінде белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырды және бүгінгі жарыста оларға сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Марафон 2012 жылдың 27 мамырынан бастап, қоғамдық марафондар өткізіп тұратын ірі әлемдік астаналардың қатарына енді. Алғашқы қайырымдылық марафонына 2500 адам қатысты. Бір жылдан кейін 2013 жылы 28 сәуірде жарыс сөресіне 6000 желаяқ шыққан еді. Енді міне, 15 мыңдай адам қатысуда. Нақты саны кейінірек белгілі болады. Өйткені бүгінгі жарыста нөмірсіз жүгіріп жатқандар да бар.
Жүгірістер 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, эстафеталық «экиден» және 42 шақырым 195 метрлік қашықтықта болып жатыр.
Марафонның басты демеуші серіктестері : Shell Lubricants компаниясы, Astana Group компаниялар тобы, «Қазақстан халық банкі», MEGA сауда ойын-сауық орталығы, Adidas компаниясы және тағы басқалар.
ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастау алған марафон Орталық стадионда аяқталады.
Жарыс аяқталған соң жеңімпаздарға мақтау қағаздары, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етіледі.