Иван Дычко өзінен 20 жас үлкен қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко америкалық Рэй Остинді үшінші раундта тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айқас үш раундқа ғана созылды. Өзінен 20 жас үлкен, салмағы 29 келі ауыр Рэй Остин көпке барған жоқ. Өзінен жас әрі қайратты Иваннан үшінші раундта техникалық нокаут алды.

Иван Дычко кәсіби бокстағы сегізінші жеңісіне қол жеткізіпі отыр. Боксшы осыған дейін барлық кездесуін мерзімінен бұрын аяқтап келеді.

Еске сала кетейік, Иван Дычко - әуесқой бокстан Лондон және Рио Олимпиадаларының қола жүлдегері. Сондай-ақ, әлем чемпионаттарынан бір күміс, бір қола медаль иеленген.

Иван Дычконың 48 жастағы америкалық боксшымен жекпе-жекке шығатыны бұған дейін хабарланған болатын. Аталмыш кештің «жеңілмегендер кеші» деп аталуы тегін емес. Себебі, ол күні Seminole Hard Rock Hotel and Casino кешенінде жеңіліп көрмеген 7 боксшы шаршы алаңға шықты.

Өзінің соңғы айқасын Иван Дычко өткен жылдың шілде айында өткізіп, америкалық Морис Харристі алғашқы раундта нокаутқа жіберген еді.

Еске сала кетсек, ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко (7-0, 7КО) WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Энтони Джошуаны (22-0, 21КО) айқасқа шақырған еді. Қазақстандық боксшы бұл қадамға Джошуаның қарсыласы Джарелл Миллердің (23-0-1, 20КО) допинг-тесттен өтпей қалуы себеп болған еді.

Соңғы жаңалықтар