«Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 2-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашып, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның жазуынша, Президент сондай-ақ 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесін атап өтетініне, оны лайықты қарсы алу - әрбір қазақстандықтың партиоттық парызы екендігіне назар аударды. «Миллиондаған азаматтардың өздерінің азаматтық белсенділігін көрсетуі, жаңа индустриалдық Қазақстанның құрылысына қатысуға ұмтылысы, іспен айналысуы, еліміздің дамуында өз орнын табуы маңызды. Таяу уақытта жаңа ірі өндірістер, жолдар, әлеуметтік нысандар іске қосылатын болады. Үкімет, жергілікті билік органдары жұмыс істеуге ынталы адамдардың барлығын, әсіресе жастарды, жұмыспен қамтамасыз етуге, мамандық алуларына көмектесуге ұмтылулары тиіс. Кішкене істер жайлы - әрбір қала мен ауылды, әрбір көше мен ауланы абаттандыру туралы ұмытуға болмайды. Әрбір елді мекен таза, әдемі, жақсы жөнделген, өмір сүру, жұмыс істеу және демалу үшін қолайлы болғаны жөн. Еліміздің мерейтойына әзірлік барысына миллиондаған азаматтардың нақ осы тұрғыдағы патриоттық қатысуы көрініс алуы тиіс. Қазақстан Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығына лайықты кіруі үшін біз әлі де көп істерді атқаруымыз керек!», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев кеше «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінде болып, ондағы Конституцияның 15 жылдығына орай ашылған жаңа диограмалық павильонды аралап көрді. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Президент этнокешенді аралау барысында ел тарихының елеулі кезеңдеріне арналған экспозицияларды тамашалап, елорданың сол жақ жағалауының макетімен танысқан. Осыдан кейін Астана қаласының 11-ші сынып оқушыларымен және «Атамекен» патриоттар клубының мүшелерімен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берген. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Кеше кең байтақ Отанымыздың барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, қоңыр үн үлкен-кішінің жүрек қылын тербеді. Бұл әрбір ұл мен қыздың есінде мәңгі қалатын қуанышы бөлек, шаттығы шалқар сәт. Ал олардың ата-аналарының да ұрпағының тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын алтын ұя мектебіне деген ілтипаттары мен ізетін алғашқы қоңырау соғылған сәттегі тебіреністерінен айқын аңғаруға болады. Биыл еліміздегі 7525 білім ұясының табалдырығын 2 488 978 оқушы аттаса, оның 239 458-і бірінші сыныпқа барыпты. Осындай айтулы күндегі атаулы көріністерден жазылған топтама мақалалар мен суреттерді «Егемен Қазақстан» газеті оқырмандар назарына ұсынып отыр.

***

«Қырғыз мемлекеттілігіне әлі де қауіп төніп тұр!» - деп, қазақ сарапшылары өз алаңдаушылығын білдіреді. Бірақ қазірше ресейлік саясаттанушылардың үні басым. Бұл да болса, ақпараттық экспансияның өзіндік «жемісі» емес пе?! Күні кеше ғана «Қырғызстанды бөліп-жарып, көршілес елдерге үлестіру керек» деп бастама көтерген В.Жириновскийдің мәлімдемесіне бүгін саясаттанушы А.Князевтің «Қырғыз ССР-і территориялық тұрғыдан ойлап табылған құбылыс еді» деген сөзі қосылды. Орталық Азия мәселелері бойынша үлкен сарапшы саналатын Князев бұл мәлімдемесін «Ферғана.ру» порталына берген сұхбатында айтқан. Қырғызстан үшін осыншама қиын-қыстау заманда Ресей сарапшыларының тарапынан ел тұтастығы мен болашағына шәк келтіретін мәлімдемелердің жасалуы қаншалықты орынды? Және бұл мәлімдемелерге пара-пар келетін сөздер неге бауырлас қазақ, өзбек сарапшылары тарапынан айтылмайды?», деп жазады «Айқын» газеті «Бас мақсат - қырғыз елін сақтап қалу» деген тақырыппен басылған мақаласында. Жазылған жайттың байыбына барғыңыз келсе, басылымның бүгінгі санын назарыңыздан жіберіп алмаңыз.

Ертең футболдан 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі басталады. Қарт құрлықтың 51 командасы тоғыз топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Солардың арасынан топ жеңімпаздары мен екінші орын алған командалар арасында ең көп ұпайға иелік еткені «ЕУРО-2012» жарысына қатысады. Екінші орынды иеленген сегіз құрама қалған төрт жолдаманы өзара сарапқа салады. Олардың қатары жарыс қожайындары ретінде Польша және Украинамен толығады. Сөйтіп, бақ жұлдыздары жанған 16 мемлекеттің теңбіл доп шеберлері 2012 жылдың 9 маусым мен 1 шілде аралғында өтетін доп додасында бас қосады. Ал қыркүйектің 3-і күні Қазақстан құрамасы өзінің тұсаукесер кездесуін «Астана-арена» стадионында өткізеді. Қарсыласы - Түркия құрамасы. Осыған орай «Айқын» газетінің «Топжарған» айдарында «Түріктерді тоқтата аламыз ба?» деген тақырыппен мақала жарық көрді.

***

«Сонымен тарихта «бір партиялы Парламент» атымен қалатын төртінші шақырылымның төртінші сессиясы да өз жұмысына кірісті. Бұған дейінгі сәуегей саясатшылардың «әне тарқайды, міне тарқайды» деген батпандай болжамдары да шаң қапқанға ұқсайды. Есесіне, екі ай бойы каникулда ауыл аралап қайтқан халық қалаулыларының көңілі де жайдары, жұмысқа жігері де ерекше көрінеді», деп жазған «Алаш айнасы» газеті алдағы сессия жұмысына қатысты Елбасы жүктеген міндеттер жайлы депутаттар пікірін оқырман назарына ұсынып отыр. Депуаттар пікірінен хабардар болғыңыз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Депутаттардың жұмысқа деген жігері ерекше» деген мақалаға назар салыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Кездесу барысында Елбасы ағымдағы жылғы тамыздың 31-інде Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің басқармасы «БТА Банк» АҚ-ны қайта құрылымдау жоспарын бекіткені хабардар етілді. Президент барлығына жасалған жұмыс үшін алғыс айтты және мемлекеттің дұрыс стратегиясы нәтижесінде елдің банк жүйесі тұрақтанғанын және қазір қалыпты режімде жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Журналистерге арналған брифингіде Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бұдан бұрын ағымдағы жылғы сәуірдің 1-інде «Альянсбанк» борыштарын, ал ағымдағы жылғы шілденің 1-інде - «Темірбанкті» қайта құрылымдау аяқталғанын жеткізді.

«Семейдегі Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектебі Қытайдың құрылыс материалдарымен жабдықталып, сапасыз қондырғылармен жарақтандырылған. Толықтай емес, әрине. Келісімшартқа отырған компания ақша үнемдемек болғандықтан ба, білім ордасының спортзалын, асханасын, соған қоса акт залы мен бірқатар сыныптардың едендеріне арзанқол дүниелерді қолданып жіберген», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланың толық нұсқасын басылымда жарық көрген «Сапарбаев неге ашуланды?» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ таяу уақытта «Орнықты даму және жоғары технология саласындағы ынтымақтастық» негізгі тақырыбына айналатын Өскемендегі Қазақстан мен Ресей VII өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жайын талқылады.

Кеше елордада ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанада желтоқсанның 1-2-сі аралығында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс тобының бірінші кеңесін өткізді. Осы жайтқа кеңінен тоқталған «Литер» газетінің жазуынша, алқалы жиын барысында Қ.Саудабаев «Саммитті сәтті өткізудің маңызды факторы мемлекет басшыларының және саммитке қатысушылардың қауіпсіздігі болып табылады. Сондықтан біз жұмыс тобының бірінші кеңесін қауіпсіздік мәселелеріне арнап отырмыз. Оны Мемлекет басшысының шешімімен Президент күзеті қызметінің бастығы, генерал Мұхтар Аюбаев басқарады» деді.