ИЫҰ Қазақстанда сайлау жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті деп баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ислам ынтымақтастық ұйымы Қазақстандағы сайлаушылар келешекке деген жауапкершілікті жақсы түсінеді деп санайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты халықаралық байқаушылардың брифингінде мәлім болды.
«Бұл - Ислам ынтымақтастық ұйымы байқаушы ретінде қатысып келе жатқан Қазақстандағы төртінші сайлау. Осының бәрінде Қазақстан халқы сайлау секілді аса маңызды саяси мәселеде оң тәжрибе жинақтағанын көрсетті», - деді Ислам ынтымақтастық ұйымы хатшылығының Саяси мәселелер департаментінің директоры Аболхассани Шахреза Әли.
ИЫҰ -да басқа байқаушылар секілді сайлаушылардың көптігі мен белсенділігіне тәнті болған. «Қазақстан халқы өздерінің келешегіне жауапкершілігін түсінеді, сол үшін дауыс беруге келіп жатыр, деп түйдік. Кешегі сайлау тыныш, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Әділ, ашық болды. Ешқандай да өрескел қателіктер мен кемшіліктерді байқаған емеспіз. Бізге саяси партиялар атынан да, азаматтар атынан да ешқандай шағымдар түскен жоқ. Жергілікті партия байқаушыларымен жүздестік. Мен Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтағым келеді. Болашақтарыңыз жарқын болсын», - деді Аболхассани Шахреза Әли.