Іздеуде жүрген астаналық қылмыскер Германиядағы босқындар лагерінен табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есірткі сатқаны үшін қылмыстық іс қозғалған 22 жастағы астаналық Мюнхен қаласындағы босқындар лагерінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іздеуде жүрген астаналық қылмыскер Германиядағы босқындар лагерінен табылды
Видеодан алынған кадр/ t.me/POLICE_of_KZ

Күдікті Астанаға ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросы және Бас прокуратура көмегімен экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.

Қылмыстық қудалаудан жасырынған елорда тұрғыны 2021 жылдың сәуір айынан бастап іздеуде болған.

Ұсталған азамат Өзбекстан Республикасына тұрақты рейспен ұшып, сол жерден Қырғызстанға қоныс аударып, Анталия қаласына ұшып кеткен.

Әрі қарай Украина шекарасын заңсыз кесіп өтіп, босқын статусымен ГФР аумағында тұрақтаған.