Изенді – ұлттық өнерді насихаттайтын, арақ-шарап сатылмайтын ауыл

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысынң Изенді ауылында ақсақалдар жас ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттап, қазақ халқының спорт түрлеріне баулиды. Жылқыны құрықтап, көкпар тартатын жастар қатары ауылды жылдан жылға көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып, асауды арқансыз құрықтайтын жігіттер ен далада жүр. Изенді жастары жастайынан жылқы жалында ойнап, Қамбар ата баласын жанындай жақсы көреді. Әсіресе шалма салғанда алдарына жан салмайды.

«Шалма салған жеңілірек құрыққа қарағанда. Құрықтаудың бейнеті көп, біраз жүгіру керек болады. Шалма салу үшін Алматы қаласына сапалы арқанға тапсырыс бердік. Оның ортасындағы шеңберді өзімізге ыңғайлы етіп жасаймыз. Жылқы қай жерге, қандай қашықтыққа қашатынын жобалап өлшеп, айналдырып жасап аламыз. Ұзындығын да өз ыңғайымызға қарай өлшейміз», - дейді Изенді ауылының тұрғыны Еркебұлан Ыбырай.

Топтың арасынан таңдаған тұлпарыңа дөп түсу оңай емес. Егер ен даланы еркін жортқан, құрық көрмеген жылқы асау болса, оның жөні тіптен бөлек. Дегеннмен аттың құлағында ойнайтын Ерғанат Тайжанов асауға тұсау сала алды.

«Жылқының асау немесе жуас болғанына қарамаймыз. Шалма салғанда біз арқанда ешуақытта жібере салмаймыз. Мінген атымыздың тақымын басып тез тоқтата қаламыз. Сондықтан атпен жүріп шалма салсақ, ұстайтын жылқымыздың асау болғаны біліне қоймайды. Ең бастысы шалманы шеңберлете үйіріп отырып лақтыру керек. Сол кезде көздеген жылқыға дөп түседі. Жыл сайын ауылға үйір-үйр жылқы келгенде, үлкен кісілер тай, жабағыларын ұстап беруді өтінеді. Соларды құрықтаймыз. Содан олар батасын беріп кетеді», - дейді Ерғанат Тайжанов.

Изенді ауылының сәйгүлікте шапқан жастарынан кең даланың кемерленген кескінін ғана емес, кеңдігін, саф өнердің мөлдірін, қазақ баласының өрлігін көресің. Мұндағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұлттық өнерді насихаттайды. Тек наурыз мейрамында ғана емес әр үйдің отбасында болатын қызық той думанда міндетті түрде «Аламан бәйге» ұйымдастырылады.

Ауыл жастары көкпар спортын Изенді төрінде ұлықтап жүр. Жанкүйерлер делебесін қыздыратын бұл ойынға қызығушылық жоғары. Марқасқа жі­гіттердің шабысында, серке тартысында кем­шілік жоқ дейді мамандар.

«Әр ауыл өз жетістіктерімен мақтанса, бізде де өз спортшылармызды мақтан етеміз. Осы ұлттық спорт түрінен үш дүркін чемпионымыз бар. Сонымен қатар аул, аудан, областық жарыстарда аударыспақ, көкпардан алдыңғы орындарда көрінеді жігіттеріміз. Жастайынан барлығы атқа мініп, көшеде бос жүрмей, бір бірін спорттық ойындарға баулып, үйретіп жүреді», - дейді Изенді ауылының әкімі Айдос Мұратұлы.

Нұра ауданына қарасты Изенді ауылында 700 ден астам халық бар. Салауатты өмір салтын сақтауда елді мекенде барлық жағдай жасалған.

Наурыз айынан бастап Изендідегі сауда орталықтарында арақ шарап сатылмайды. Тұрғындардың ішімдіксіз ауыл бастамасына кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде. Енді жас та, жасамыс та салауатты өмір салтына біржола ден қоймақ.


Соңғы жаңалықтар