Ізгілік жолында ізденген адам мақсатына жетеді - суретші Тұрсын Әбуов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Әбуов 1936 жылы 6 маусымда Алматы облысындағы Қызыл Ту колхозында дүниеге келген. Әкесі 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмаған. Анасының тәрбиесін көріп өскен Т. Әбуұлы бес жасынан суретші болуды армандайды. Мектептен кейін Алматы қаласындағы Гоголь атындағы бес жылдық училищені үздік бітіреді. Одан кейін Абай атындағы Қазақ педагогика институтының көркем-сурет факультетін тәмамдайды.
1966 жылдан бері қарай ол өз еңбектерімен көптеген көрмелерге қатысты. Соның ішінде оның туындылары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Корея, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Украина, Аустрия, Голландия, Бельгия және басқа да мемлекеттерде өткен халықаралық көрмелерден орын алды. Бүгінде бірқатар еңбектері мемлекеттік мекемелерде және жеке адамдардың қолында, сондай-ақ шетелдік коллекцияларда сақтаулы тұр.
Ол Қазақстан бейнелеу өнерінің кәсіби суретшісі. Осы шығармашылық салада жарты ғасырдан астам уақыт бойы тынбай еңбек етіп келеді. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Тұрсын Әбуұлы өз ойларымен бөліскісі келіп, Қазақпарат тілшісіне телефон шалып, арнайы сұхбат берді. Суретші өз сөзін құттықтаудан бастады:
- Президентті, бүкіл қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын. Елбасының сындарлы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстан бүгінде өзінің экономикадағы, әлеуметтік саладағы, әдебиет пен мәдениеттегі жетістіктері арқылы төрткүл дүниені таңғалдырып отырғаны бәрімізге мәлім. Біз - қарапайым тұрғындар ретінде айтарымыз, мұндай табысқа тек Мемлекет басшысының қажырлы еңбегінің және халықтың бірлігінің арқасында қол жеткіздік. Осы биігімізді мақтан тұтамыз.
Шығармашылықпен айналысатын өнер адамдарына, ғалымдар мен ақын-жазушыларға, суретшілерге табыстар тілеймін. Мәңгілік Қазақ еліміз аман болсын. Бейбітшілік заман болсын.
- Бүгінгі таңда өнер иелерін бағалау, оларға қолдау көрсету туралы не айтар едіңіз?
- Жалпы, өнер адамы сезімтал болып келеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау жасалғаны жөн. Рухани демеу және материалдық көмек көрсетілсе, шығармашылық адамы шабыттана түсетіні сөзсіз. Сөйтіп, жаңа туындыларын дүниеге әкеледі. Мысалы, мен 1998 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғанымда, бойыма күш-қайрат қосылып, ерекше тебіреніп, бірнеше туындылар жаздым. Соның ішінде «Өмір-Өзен» картинам бар. Басқа да еңбектерімді дүниеге әкелуіме оң ықпал етті.
Жуырда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Келбет» бағдарламасы мен туралы деректі туынды жасап бітірді. Туған жеріме алып барып түсірді. Соғыстан оралмаған әкеме орнатылған обелискі бар еді, соған гүл шоқтарын қойдым. Журналистердің осындай ықылас білдіргені де мені қанаттандырып тастады. Ұлттық телеарна ұжымына ардагерлер мен өнер адамдары атынан ризашылығымды білдіремін. Аталған бағдарлама 15 желтоқсан күні сағат 18-40-да көрсетіледі деп айтты.
Кезінде Алматы көркем-сурет училищесінде 11 жыл дәріс берген едім. Қылқалам шебері болып жүрген шәкірттерім де аз емес. Қызым Сәуле Мүсірепова өз жолымды қуып, суретші болды. Қазір сурет пәні бойынша ұстаздық етеді. Сондай-ақ 1 сыныпта оқитын шөберем Балым Мүсірепова да сурет салу өнерін үйренуге талпыныс жасап жүр. Үйге келген кезде, мен оған ақыл-кеңесімді айтып отырамын.
- Әрбір саналы азамат қолынан келгенінше елге пайдасын тигізуді ойлайды, еңбек етуді ел алдындағы парызы деп біледі. Өзіңіз өнер адамы ретінде Тәуелсіздікке қандай тарту жасадыңыз?
- Биыл осы айтулы мерейтойға орай бірнеше шығармалар жаздым. «Аңшылар» деген еңбегім дүниеге келді. Сонымен қатар ағаштан ойып, «Нұрсұлтан-Қазақстан» атты мүсін-портретті жасадым. «Көшпенділер» деген де мүсін жасадым.
Биыл өзім 80 жасқа толдым әрі шығармашылық еңбек жолымды бастағаныма 55 жыл болды. Соған орай Әбілхан Қастеев атындағы музейде «Ұлы Жібек жолы» атты көрмем жоғары деңгейде өтті. Ол көрменің лайықты өтуіне Алматы қаласының әкімшілігі қолдау көрсеткенін айта кеткенім жөн. 80-ге тарта еңбегім көрермен назарына ұсынылды. Соның ішінде кескіндеме, мүсін сияқты шығармаларыммен қатар, бірнеше жыл бойы жазылған 9 бөлімнен тұратын «Өмір-Өзен» картинам көрмеге қойылды, оның ұзындығы 23 метр, биіктігі 170 см. Бұл шығармама сонау соғыс кезіндегі балалық шағымда көрген оқиғалар, атқа мініп, шөмеле жинаған, масақ терген кездеріміз, өгізбен жер жыртқан адамдардың еңбегі, сондай-ақ Наурыз мейрамы, ақындар айтысы, қазақша күрес, аламан бәйге сияқты ұлттық салт-дәстүрлер мен құндылықтар арқау болған. Ондағы көріністер бүгінгі жетістіктерімізбен ұласып жатады. Яғни, тақырып дами келе, тәуелсіз Қазақстанның асулары, тұңғыш Президенттің ел бастап тұрғаны бейнеленген. Қазақ даласының өткен тарихи жолдары мен еліміздің танымал тұлғалары да қамтылған. Айта кетейін, осы «Өмір-Өзен» картинам 2010 және 2013 жылдары «Қазақстан рекордтары» кітабына енді.
- Ел келешегі туралы ой-толғамыңызды естісек деп едік...
- Қазақ елінің болашағы жарқын болады деп есептеймін. Алдымызда «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болсын. Біз өмірдің күрделі кезеңдерін бастан өткердік. Қиындықты да көрдік, қуанышқа да кенелдік. Ең бастысы, ел тыныш, халық аман болғай. Жастар - біздің келешегіміз. Сондықтан өскелең ұрпағымыз білімді де білікті болып, елдің дамуына үлестерін қоса берсін. Алға қойған мақсаттарына жетуде ерінбей, талмай еңбек етіп, абырой мен марапатқа қол жеткізсін деп тілеймін.
Өнер адамына, соның ішінде суретшіге де бес пайыз талант берсе, 95 пайыз еңбек етудің арқасында ойлаған арман-мұраты орындалады. Ізгілік жолында ізденген адам мақсатына жетеді.
Еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
- Әңгімеңізге рақмет. Шығармаларыңыз халықтың жоғары бағасына ие бола берсін.