ИЖТ министрлігі техникалық регламент талаптарын бұзған субъектілерге 45 млн. теңгеден астам айыппұл салды

АСТАНА.  14 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті

ИЖТ министрлігі техникалық регламент талаптарын бұзған субъектілерге 45 млн. теңгеден астам айыппұл салды

2012 жылдың 8 айында еліміздегі түрлі меншік иелігіндегі шаруашылық субъектілерінің техникалық регламент талаптарының сақталуы және өлшем құралдарының қолданылуы жағдайына орай 3854 тексерісті жүзеге асырды. Нәтижесінде 1 987 жағдайда немесе тексерілген субъектілердің 51 пайызында бұзушылықтар анықталды. Олар 45 млн. 223 мың 560 теңге шамасында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінін хабарланды.

Атап айтқанда, Қазақстанның Мемлекеттік өлшем құралдары Реестріне енгізілмеген және тексерілмеген 5 544 бірліктегі өлшем құралдарын пайдалануға тыйым салынды. Ал тексерудің барлық түрлері бойынша сапасы қанағаттандырылмаған, сертификаттаудан өтпеген 1 млрд. 587 млн. теңгеден астамды құрайтын әртүрлі 5235 өнімдер партиясын сатудың жолы кесілді.   

«Тексерістер барысында анықталған заң бұзушылықтар негізінен міндетті сертификаттауға жататын өнімдерді сертификатсыз сатуға және тауарлардың техникалық регламенттер талабына сай келмеуіне байланысты болып табылады», - делінген баспасөз айғағында.