«Ізкесушілер заңсыз жұмыс істеп жүр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 тамыз.  ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 тамыз,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ізкесушілер заңсыз жұмыс істеп жүр» - республикалық басылымдарға шолу

                                                                         ***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Лондон Олимпиадасы ойындары да тарих қойнауына енді. Жарты ай бойы төрткүл дүниені дүбірлеткен атышулы спорт жарысы жарқын жеңістер мен ащы жеңілістерге толы болды. Әрине, спорт заңдылығы солай, ұтыс бар жерде ұтылыс та болады. Әңгіме жеңістің жолын бекемдеп, жеңілістен қоры­тынды шығаруда болса керек.

Тегінде, Олимпиада ойындары адам­зат ойлап тапқан күштілікті, епті­лікті және әсемдікті паш ететін жасампаз жарыс. Мұнда қайтпас қайсар­лық­тың, жүйрік ойдың және шалт қимылдың иелері жеңіске жетіп салтанат құрады. Ал жеңіс қашанда әсем. Бір дана «жеңістің әлпетінде әйелдің әдемілігі болады» деген екен. Жеңіске жету үшін мұнда ат та, бап та және бақ та қатар шабу керек.

Жасампаздық пен бейбітшілікті ту еткен осынау спорт ойындарының жарысы бүгінде ерлердің емес, елдердің бәсекесіне айналды. Ал ел бар жерде әдетте ұлт, саясат, экономика, идеология т.с.с. бар. Аталмыш факторлар жиылып келгенде, бір процесті - дамуды сипаттайды. Сондықтан Олимпиада ойындары бүгінде тек спорттың жарысы ғана емес, ол сонымен қатар елдің дамуының да жарысы болып табылады. Осы айтулы дода жайында көтерілген мәселені  «Ұлт сапасы аламанда сарапталды» атты мақаладан білесіздер.

«Бас көлік прокуратурасы 2012 жылдың бірінші тоқ­са­нын­да белгілі бір жұмыстар атқарды, атап айтқанда, қабылданған ұйымдастыру-практикалық ша­ра­лар қадағалаудың барлық салалары бойынша жұмысты жан­дандыруға жағдай жасады.

Прокурорлар проблемалы ай­мақтар мен орын алуы мүмкін қатерлерді барынша қамтуға, ақпараттық-талдау және болжау жұмыстарының сапасын арт­тыруға тырысты. Сонымен бірге, күшейіп тұрған лаңкестік пен экстремизм қатерін ескеріп қа­дағалаушылық қызметте көлік нысандарының қорғалуы мәсе­ле­­сіне басымдық берілді.

Осы саладағы ахуалға талдау жасау және халықаралық тәжі­рибені пайымдау көлік қауіп­сіздігі мәселелерін тиісті норма­тивтік құқықтық реттеудің жоқ­тығына байланысты елеулі кем­шіліктердің бетін ашты. Мәсе­лен, күзеттің жетімсіздігі, вокзалдар мен өзге де көлік нысан­дарының техникалық нашар қам­тамасыз етілуі лаңкестікке қарсы жұмысты тиімді жүргізуге айтарлықтай кедергілер келтіре­ді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Атап айтқанда, осы саладағы мәселелер тұрғысындағы мақала  «Көлік саласы қауіпсіз болсын десек» атты тақырыппен жарық көрді.

                                                                                         ***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Ізкесушілер заңсыз жұмыс істеп жүр» атты мақала басты. «Бүгінгі таңда елімізде ізкесушілер заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені жеке детектив қызметі заңдастырылмаған. Әрине, олардың қызметін заңдастыруға халық қалаулылары бірнеше бастамашы болды, бірақ нәтиже шықпады. Білетіндердің айтуынша, бұл заң жобасының қабылдануына құқық қорғау органдары қарсы көрінеді. Ішкі істер саласының қызметкерлері жеке детективтердің бәсекесінен қатты қорқады-мыс. Бұл жөнінде кеше Әділет министрлігі мен Заң шығару институты өкілдерінің «Жеке детектив қызметі туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде де айтылып қалды...», деп жазады басылым.

                                                                              ***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. Әсіресе осы мәселе соңғы кездері жиі қозғалып жүр. Жақында белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның «Ел іргесі бекісін десек, бұрынғы таратылған шекаралық аудандарды қалпына келтірген жөн болар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы тарағаннан кейінгі уақытта 28 мың адамның Тарбағатай ауданынан көшіп кеткенін тілге тиек етеді. Шекаралық аумақтардағы елді мекендер мәселесі турасында  «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Шекаралық аудандарға қашанғы шекеден қараймыз?» атты мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Орал өңірінде омарта ұстап, бал арасының бабын тауып жүрген жандар баршылық. Балы тәтті болғанымен, араны өсірудің бейнеті ащы екенін Конюховтардың отбасы жақсы біледі. Павел ақсақал омарташылықтың қыр-сырын әкесінен үйренген. Зейнетке шыға салысымен осы кәсіптің құлағын ұстаған кәсіпкер: «Бұл жұмыс табыс табудың көзі ғана емес, өмірімнің мәніне айналды», - деп ағынан жарылды. Оның айтуынша, жаны қара адамға бал арасы мойынсынбайды. Керісінше, қамқор болып, жұмысқа жанкештілікпен кіріскен жанның жүрегі мейірімге толып, рухани жағынан байи түседі әрі табысқа кенеледі. Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Бармақты жалататын балдың батыста бабы болмай тұр» атты мақалада баяндалған.

                                                                                ***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Вырастили на свою голову» атты  тақырыппен мақала басылды. Саяси шешімдер институтының сараптамалық-қолданбалы бөлімінің жетекшісі Мәдина Нұрғалиеваның пікірінше, қазақстандық әйелдердің көпшілігі отбасын құруды қажетсінбейді. Ал қазіргі заманғы ерлер еркін қарым-қатынасты қалап,  шаңырақ құрмай жүре беруі мүмкін. Материалда айтылғандай, орташа статистикалық қазақстандық нәзік жанды - білімі бар әрі табысты жұмыс істеп жүрген 35 жасқа дейінгі әйел. Ол тәуелсіз тұрмыстың бабымен отбасын құруға аса талпыныс жасамайтын көрінеді.