Израиль әскері үйлеріне қайтуға әрекеттенген ливандықтарға оқ жаудырды

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбіде Ливанның оңтүстігінде 15 адам қаза тауып, 80-нен астамы жарақат алды, деп хабарлайды Euronews

Израиль Ливаннан әскерін шығару үшін қосымша 30 күн сұрады
Фото: x.com / @idfonline

Израиль жұма күні келісімге қарамастан Ливанның оңтүстігінен әзірге кетпейтінін жариялады. Бірақ жергілікті тұрғындар не болса да қайтуды ұйғарды. 

Өткен жылдың 27 қарашасында Израиль армиясы мен шииттік «Хезболла» содырлары арасындағы қақтығысты тоқтатқан келісімге сәйкес, ЦАХАЛ әскерлері Ливанның оңтүстігінен осы жексенбіде шығарылуы тиіс еді. Бірақ Израиль жұма күні әскери операцияның жалғасатынын, өйткені Ливан армиясы Ливанның оңтүстігіндегі барлық ауданда позицияларды ұстанбағанын және «Хезболланың» бұл жерде өз қатысуын қайта орнатпайтынына кепілдік бере алмайтынын жариялады. Ливан армиясы бұған жауап ретінде Израиль әскерлері шегінбейінше, позицияларды иелене алмайтынын мәлімдеді. 

Жексенбіде жүздеген жергілікті тұрғын ауылдарына қайтуға әрекеттенді. Ливан билігінің мәліметінше, Израиль әскерлері кейбіреулері «Хезболла» туын көтеріп, атысты тоқтату келісіміне сәйкес ЦАХАЛ-дың елден шығуын талап еткен демонстранттарға оқ жаудырған. 
Қаза тапқандардың арасында екі әйел мен Ливан армиясының бір сарбазы бар, делінген елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.

Израиль армиясы «Хезболланы» жексенбі күнгі наразылық шерулерін тудырды деп айыптады. Оның мәлімдемесінде әскерлер «жақындап келе жатқан күдіктілерді тоқтату» үшін ескерту оқ атқаны айтылған. Хабарланғандай, Израиль әскерімен жақын жерде болған бірнеше адам ұсталып, қазір олардан жауап алынып жатыр.

Ливан президенті Джозеф Аун жексенбі күні «Ливанның егемендігі мен аумақтық тұтастығы келіссөздерге жатпайтынын» айтты. Ол «ұстамдылық танытып, ливандық әскери күштеріне сенім білдіруге» шақырды.

Ливан армиясы жеке мәлімдемесінде бейбіт тұрғындарды шекаралық аймақтағы кейбір қалаға алып баратынын айтып, тұрғындарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери нұсқауларды орындауға шақырды.

Бұған дейін Израиль Ливаннан әскерін шығару үшін қосымша 30 күн сұрағанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар