Израиль әскерилері Сириядағы Алеппо қаласына шабуыл жасады

Израиль қорғаныс әскері
Фото: Midjourney

КАИР. КАZINFORM – Израиль әскери жасағының Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласына жұма күні таңертең жасаған шабуылынан 38 адам қаза тапты. Оның ішінде ливандық «Хезболла» қарулы тобының 5 мүшесі бар. Бұл туралы Reuters жазды.

Жұма күні таңертең Сирияның қорғаныс министрлігі Израиль мен содыр топтар Алеппоға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше бейбіт тұрғын мен сарбаздың қаза тапқанын хабарлады. Министрліктің мәлімдемесінде Израиль әуе күштері жергілікті уақыт бойынша таңғы 1:45-те (GMT 22:45) Алепподағы бірнеше ауданға соққы берген. 

Әуе шабуылдары Идлиб пен Алеппоның батыс аймақтарына жасалған шабуылдарымен тұспа-тұс келген, министрлік «террор ұйымдары» Алеппо және оның айналасындағы бейбіт тұрғындарды нысанаға алғанын айтты. 

Алайда министрлік қаза тапқандардың нақты санын жарияламады. Зардап шеккендердің Израиль әуе соққысы немесе содыр топтардың шабуылдары салдарынан болғанын да айтпады.

– Агрессия бірқатар бейбіт тұрғын мен әскери қызметкердің қаза болуы мен жарақат алуына әкеп соқты, - делінген хабарламада.

Бұл оқиғаға қатысты Израиль әскерилері түсініктеме беруден бас тартты.

Иранмен байланысы бар содырлар, соның ішінде «Хезболла» қазір Сирияның шығыс, оңтүстік және солтүстік-батысындағы үлкен аумақтарды, сондай-ақ ел астанасының айналасындағы бірнеше елді мекенді бақылайды.

Соңғы жаңалықтар