Израиль әскерінің Дженин қаласындағы рейді кезінде үш палестиндік көз жұмды

АММАН. ҚазАқпарат – Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Дженин қаласында өткен израиль әскерінің рейді кезінде үш палестиндік көз жұмып, 10 адам жараланды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі WAFA агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль әскерінің Дженин қаласындағы рейді кезінде үш палестиндік көз жұмды

Израиль қауіпсіздік күштері Дженин қаласының шығысында келе жатқан көлікке оқ жаудырып, үш адамды өлтірген деп хабарланды.

Бұл оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар мен израиль сарбаздары арасында қарулы қақтығыстар болды. 10 адам жарақат алды, олар медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді.

Израиль әскері Дженинде екі жерде қару-жарақ іздеу мақсатындағы арнайы операция жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды France24.

«Сарбаздар бірінші орынға келгенде, оларға оқ атылған. Сондықтан, екінші жерге бара жатқанда жол бойындағы күдікті автокөлікті көріп, жауап ретінде шара қолданған», - делінген мәлімдемеде.

WAFA келтірген Палестина адам құқықтары жөніндегі орталықтың мәліметінше, жыл басынан бері Израиль күштері «Иерусалимді қоса алғандағы оккупацияланған аймақтарда» 55 палестиндікті өлтірген, оның ішінде 13 бала мен 5 әйел бар.