Израиль Газадан әйелдер мен балалар шығарылатын болса атысты тоқтату мерзімін ұзартады
Катардағы келіссөздер барысында Израиль өкілдері ХАМАС кепілге алынған барлық әйелдер мен балаларды босатқан жағдайда бітімгершілікті тағы үш күнге ұзартуға дайын екенін мәлімдеді. Kazinform агенттігі бұл туралы The Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Келіссөздерге сондай-ақ Мысыр және АҚШ өкілдері қатысуда. Катарға сапармен Орталық барлау басқармасының басшысы Уильям Бернс келді. Келіссөздерге Израиль тарапынан қатысушылар бұған дейін атысты тоқтатудың ең ұзақ мерзімі он күнді құрайтынын айтты.
Еске сала кетсек, Газа секторында атысты тоқтату режимі 24 қараша таңында басталған. Кеше ХАМАС пен Израиль тұтқынға алынған адамдардың бесінші тобымен алмасты. Бүгін тұтқындармен кезекті алмасу өтуі тиіс.