Израиль БҰҰ-ға БАПОР-мен қарым-қатынасын үзетінін ресми түрде хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымына 1967 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсететін негізгі ұйымымен (БАПОР) қарым-қатынасын реттейтін келісімді тоқтататынын ресми түрде хабарлады. Бұл туралы дүйсенбі күні Израиль Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің бас директоры Якоб Блитштейн дүйсенбіде БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Филемон Янгқа тиісті хат жолдады.
«Израиль халықаралық серіктестермен, соның ішінде БҰҰ-ның басқа агенттіктерімен Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмектің Израильдің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей көрсетілуін қамтамасыз ету үшін жұмысын жалғастырады», - делінген хатта.
Өткен аптада Израиль парламенті БҰҰ Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек және жұмыс жөніндегі агенттігінің (БАПОР, UNRWA) Израильде жұмыс істеуіне тыйым салатын заң қабылдады. Заң Израиль билігінің басып алынған Батыс жағалау мен Газа секторындағы миллиондаған палестиналыққа көмек және білім беру қызметтерін ұсынатын ұйыммен ынтымақтасуына жол бермейді. Ол сондай-ақ БАПОР-дың Израиль аумағында жұмыс істеуіне тыйым салады. Заң үш айдан кейін күшіне енеді.
БҰҰ мен халықаралық қауымдастық заң жобасы Израиль бір жылдан бері ХАМАС содырларымен соғысып жатқан Газа секторындағы онсыз да ауыр гуманитарлық жағдайды одан әрі ушықтыратынына алаңдап отыр. Тыйым Палестина аумақтарында немесе басқа жердегі операцияларға салынған жоқ.
Израильдің әрекетінен Газада кемінде 10 адам мерт болғанын жазған болатынбыз.