Израиль дәрігерлері Атырауда жергілікті әріптестерімен бірге ота жасайды

Атырауға Израиль Республикасынан бір топ дәрігер келді. Шетелдік профессорлар Вадим Капуллер мен Саид Ибрагим облыстық балалар ауруханасында, Рафаэль Миллер, Максим Соколов пен Лев Гуревич облыстық онкология диспансерінде жергілікті мамандарға шеберлік сағатын өткізіп жатыр.
Израиль дәрігерлері 31 мамыр-5 маусым аралығында атыраулық әріптестерімен бірге науқастарға ота жасайды. Сондай-ақ, тұрғындарға тегін кеңес береді.
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Израиль елінен келген дәрігерлер тобымен кездесті.
«Адам баласы үшін бірінші байлық – денсаулық. Сондықтан тұрғындар сапалы медициналық қызметке кедергісіз қол жеткізуі керек. Осыған орай жергілікті мамандардың білімін шыңдау, салаға білікті мамандарды тарту, заманауи технологиялармен қамтамасыз ету секілді жұмыстар жалғасын табады. Израильдік әріптестерімен жоспарланған іс-шара аясында атыраулық дәрігерлер қажетті ақпараттар алып, тәжірибе жинайды», -деді Серік Шәпкенов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұған дейін 17-21 мамыр аралығында израильдік профессор Илья Розин облыстық перинаталдық орталықта семинар өткізген. Оған Атырау қаласы мен аудандардан 40 маман қатысып, оның 34-і сертификат алған. Ал, бұл жолы 1 мыңға жуық медицина қызметкерін оқыту жоспарланып отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда елордалық дәрігерлер 5 балаға ота жасап, 300-ге жуық кеңес бергенін жазған болатынбыз.