Израильде «доңыз тұмауы» вирусының "Tamiflu" дәрісіне бой бермейтін штаммы табылды
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі, A/H1N1 вирусының "Tamiflu" дәрісіне бой бермейтін штаммы табылғанын мәлім етті. "Tamiflu" дәрісін дәрігерлер «доңыз тұмауын» емдеу үшін пайдаланады,
деп хабарлайды ресейлік ақпарат агенттіктері.
Белгілі болғандай, бұл штамм тәуекел тобына кіретін ер азаматтан анықталған. Әлгі азамат вируспен ауырып, толық сауығып шыққан. Денсаулық сақтау министрлігі, «доңыз тұмауымен» күресу туралы директиваға әзірге өзгерту енгізудің қажеті жоқ екенін, себебі бұған дейін басқа да елдерде "Tamiflu" дәрісі әлсіз болған A/H1N1 вирусының штаммдары анықталғанын хабарлады.
Израильде A/H1N1 вирусын жұқтырудың 2700-дей оқиғасы тіркелген.