Израильдегі сайлауда Биньямин Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы озып тұр – экзитпол

АСТАНА. ҚазАқпарат – Израильдің бұрынғы премьер-министрі, оппозиция жетекшісі Биньямин Нетаньяху басқаратын «Ликуд» партиясы сейсенбіде өткен Кнессетке (Израиль парламенті – ред.) мерзімінен бұрын өткен сайлаудың қорытындысы бойынша бірінші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews.com агенттігіне сілтеме жасап.

Израильдегі сайлауда Биньямин Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы озып тұр – экзитпол

Мұндай деректер «Кан» мемлекеттік телеарнасының экзитполының қорытындылары бойынша келтірілген. Осы мәліметтерге сәйкес, Биньямин Нетаньяху партиясы 120 орындық парламентте 30 мандат алады.

«Ликуд» партиясын басқаратын Биньямин Нетаньяху блогы 62 депутаттан тұратын үкіметтік коалиция құра алады, ал 1996 жылдан 1999 жылға дейін және 2009 жылдан 2021 жылға дейін осы қызметті атқарған бұрынғы премьер-министрдің өзі қайтадан Израильдің министрлер кабинетін басқара алады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қазіргі премьер-министр Яир Лапидтің «Еш атид» партиясы 22 мандатпен екінші орында.

Бұған дейін Израильде 1 қарашада парламент сайлауы басталғаны туралы хабарланған болатын. Бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылды, бұл 6,7 миллионнан астам израильдік сайлаушыға 25 шақырылымның Кнессет (парламент) сайлауында дауыс беруіне мүмкіндік берді.



Фото: Reuters