Израиль делегациясы Иран басшысының баяндамасы кезінде залдан шығып кетті
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Израильдің БҰҰ-дағы делегациясы 26 қыркүйекте Иран басшысы Махмұд Ахмадинежадтың баяндамасы кезінде Бас ассамблея залынан шығып кетті.
Ислам республикасы басшысының Тегеранның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған «варвар-сионистер» жөніндегі сөздері еврей мемлекеті өкілдерінің ызасын тудырған. Бұл туралы BAQ.KZ порталы жазып отыр.
РБК Associated Press-ке сілтеме жасай отырып, Иран Президентінің сөзі әлемді қайта құруға арналған болатын, оның ойынша әлем «тәкаппарлықтың үстемдік етуінен» құтылуы қажет деп хабарлайды.
М. Ахмадинежад баяндамасында әдеттегідей АҚШ пен Израилге қатысты өткір сын айтты. «Тағы-сионистер тарапынан біздің ұлы ұлтымызға қарсы қарулы басқыншылық әрекеттер жасау қаупі төніп тұр. Бұл қатал шындықтың айқын мысалы», - дейді саясаткер. Иран басшысының сөзі Израиль делегациясының ашуын тудырып, олар баяндама барысында мәжіліс залынан шығып кетті.
М. Ахмадинежад баяндамасында өз елінің ядролық бағдарламасына қатысты тіс жармады. Сонымен қатар, ол сенімді түрде Израилде үнемі жетілдіріліп отыратын атом қаруының қоймасы бар екендігін айтты.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектің соңындағы отырыстары жыл сайын осы сипатта өтеді. Осыдан бір жыл бұрын, 2011 жылғы 24 қыркүйете Махмұд Ахмадинежад БҰҰ-да Израиль мен Еуроатланттық қоғамдастық елдеріне қатысты бұдан да өткір сын айтқан болатын. Ол кезде президент өз елі мен бүкіл әлемге төніп тұрған либерализм, марксизм және сионизм сияқты үш қатерді атап айтқан болатын. Секулярлық құндылықтардың мәдени ықпалына Иран басшысы өз елінің бағыты болып табылатын діни консерватизмді қарсы қойды. Махмұд Ахмадинежад басқа мемлекеттерді де Ираннан үлгі алуға шақырды.
Ислам Республикасы Президентінің БҰҰ-дағы биылғы баяндамасы ол үшін соңғы болуы да мүмкін. 2012 ж. маусымда М.Ахмадинежад 2013ж. белгіленген келесі президент сайлауынан бас тартамын деген болатын. Сонымен қатар, сарапшылар мемлекет басшысының орнынан кетуі Ирандағы жағдайды өзгертуі неғайбыл, себебі елдегі билік президенттің емес, шейіт мұсылмандардың рухани басшысы - аятолла Әли Хаменеидің қолында дейді.