10:19, 05 Қаңтар 2009 | GMT +5
Израильдің әскери операциясы басталған 9 күннің ішінде Газа секторында 500-ден астам адам қаза тапты
ГАЗА СЕКТОРЫ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат – 2008 жылы желтоқсанның 27-сінде басталған Израиль әскерінің Газа секторындағы операциясы барысында ең аз дегенде, 507 адам қаза тауып отыр, олардың ішінде әйелдер мен балалар бар, тағы 2 мың 600-дей адам, басым бөлігі бейбіт халық - түрлі жарақаттар алған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Палестиналық дәрігерлердің мәліметтері бойынша, операцияның құрғақтағы кезеңі басталған алғашқы тәулікте Газа секторының 37 тұрғыны мерт болып отыр, олардың қатарында «Хамас» жасақтары да, бейбіт халық өкілдері де бар. Жерүсті операция басталғалы бері сондай-ақ, Газа секторының солтүстігіндегі Жабалия ауданында Израильдің бір жауынгері опат болған, тағы бір сарбаз жарақат алған, деп хабарлайды CNN агенттігі.Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы қаңтардың 3-і күні кешке Израиль әскері Газа секторының шекарасын кесіп өтіп, әскери операцияның құрғақтағы кезеңін бастаған болатын. Израильдің Қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, бұл шабуылдың негізгі мақсаты - секторды оккупациялау емес, сол аумақты басқарып отырған «Хамас» қозғалысының инфрақұрылымдарын жою.