Израильдің экс-премьері Ольмерт 6 жылға сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмерт пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Наурызда Тель-Авивтің округтік соты Ольмерт Иерусалим мэрі болған кезде Шмуэль Дахнер есімді бизнесменнен 500 мың шекель (140 мың долларға жуық) алғанын анықтады.
Осыдан кейін Ольмерт Иерусалимде «Holyland» атты ірі құрылыс жобасында Дахнердің мүддесін қорғап жүрген. 68 жастағы экс-саясаткер өзінің кінәсін мойындамады.
Ольмертпен бірге айыпкерлер орындығында тағы 12 адам жауап берді, соның арасында оның кеңсесінің бұрынғы басшысы Шула Закен, Иерусалимнің бұрынғы мэрі Ури Луполянски және бірқатар бизнесмендер бар.
Экс-премьерге сонымен қатар басқа да жемқорлық істер бойынша айып тағылды, алайда олар бойынша ақталып шықты.