Израиль елінің симфониялық оркестрі қазақ композиторларының шығармаларын орындады

/strong>Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Сәуір айының 8-і күні Тәуелсіз Қазақстанның және қазақ музыкасы тарихында тұңғыш рет Израиль елінің симфониялық оркестрі қазақ композиторларының шығармаларын орындалды. Шараның ерекшелігі - концерттік бағдарлама толығымен қазақ композиторларының туындыларына арналды.

Израиль елінің симфониялық оркестрі қазақ композиторларының шығармаларын  орындады

Концерт Тель-Авив қаласының «Реконаци» концерт залында өтті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Композиторлар одағы төрағасының орынбасары Артық Тоқсанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының проректоры Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бұған дейін шет мемлекеттерде қазақ музыкасын қазақстандық ұжымдар, немесе шетелдік ұжымдар қазақ авторларының жекелеген шығармаларын ғана орындаған. «Біздің еліміз мұнай- газбен ғана емес, шебер композиторлар мектебімен де мақтан тұта алады. Израиль музыканттары: «Қазақстанда мықты композиторлар мектебі қалыптасқан, дәстүрлі музыкамен қатар, әр түрлі бағыттағы музыка түрлеріне бай ел екен деп атап өтті», деді Ақтоты Райымқұлова.

«Концертте «Тұан» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де өнер көрсетті. Көрермендер алғаш рет Бақтияр Аманжолдың, Әліби Әбдінұровтың, Бейбіт Дәлденбайдың, Хабибулла Сетековтың, Ақтоты Райымқұлованың және Ермек Өміровтың шығармаларымен және дәстүрлі қазақ музыкасымен таныс болды. Концерт алдында Қазақстан тарихы мен бүгінгі күні туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, концерт залында еліміз туралы арнайы көрме қойылды. Көрермендер біздің ансамблді ұзақ жібермей, өнерімізді жоғары бағалады», деді ҚР Композиторлар оағы төрағасының орынбасары Артық Тоқсанбаев.