Израиль Франция президенттігіне үміткер Меланшонға елге кіруге тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль билігі Франция президенттігіне үміткер, солшыл саясаткер Жан-Люк Меланшонды елге кіруге тыйым салынған тұлғалар тізіміне енгізді. Бұған оның Израильге қатысты «аса өшпенді ұстанымы» себеп болған. Бұл туралы Report.az израильдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.
Израиль Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Францияның «Бағынбайтын Франция» (LFI) партиясының жетекшісі Жан-Люк Меланшон мен оның парламенттік фракциясының төрайымы Матильда Паноға Израиль аумағына кіруге тыйым салынған.
Израиль Сыртқы істер министрлігі мұндай шешімге аталған партияның Израильге қарсы ұстанымы мен оның басшыларының елге тағылған айыптары бар мәлімдемелері негіз болғанын хабарлады.
Сондай-ақ Израиль билігінің наразылығын Меланшонның Франция әскери кемелерін Газа секторына бағыт алған гуманитарлық флотилияларды алып жүруге жіберу туралы үндеуі туғызған.
Израиль Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл шешімді елдің сыртқы істер министрі әрі ішкі істер министрі Гидеон Саар қабылдаған.
Еске салайық, бұған дейін Жан-Люк Меланшон 2027 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен жағдайда Франция әскери-теңіз күштерін Газа секторына бет алған гуманитарлық флотилияларды қорғауға жіберуге уәде берген болатын.
Айта кетейік, Франция үкіметі халықтың өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылық білдіруіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру мерзімін 2027 жылғы қаңтардан 2026 жылғы желтоқсанға ауыстыру туралы шешім қабылдады.