Израиль Газа секторындағы ұрысты кеңейтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Қорғаныс министрлігі алдағы күндері Газа секторының «көптеген аудандарында» ұрыс қимылдары күшейетінін мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлады.

ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) жұма күні таңертең палестиналықтарға Шуджайя, Туркман, Зайтун және Туффа аудандарын шұғыл түрде тастап шығуға бұйрық берді. Келесі күні министрлік ұрыстардың ауқымы кеңейіп, бүкіл сектордың басым бөлігіне таралатынын мәлімдеді.
— Қазір – ХАМАС-қа қарсы көтеріліп, барлық израильдік тұтқындарды босатып, соғысты тоқтатудың жалғыз жолына қадам жасау уақыты, – деді Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац палестиналықтарға үндеу жасап.
Еске салсақ, 18 наурызда Израиль екі айға созылған ХАМАС-пен арадағы уақытша бітімнің бұзылғанын жариялап, әскери операцияны қайта бастады. Алдымен әуе шабуылдары жасалып, артынша құрлықтағы әскери іс-қимылдар жалғасты. Израиль тарапының айтуынша, бұл шаралар ХАМАС-ты тұтқындарды босатуға мәжбүрлеу және сектордың солтүстігі мен оңтүстігі арасында буферлік аймақ құру мақсатында қолға алынған.
БҰҰ-ның мәліметінше, соңғы үш аптада Газа секторында 400 мыңға жуық палестиналық қоныс аударуға мәжбүр болған. Көптеген тұрғындар таңдау алдында қалды: өз үйлерін тастап, басқа жаққа кету немесе қауіп-қатерге қарамастан, сонда қалу.
Гуманитарлық жағдайдың ушығуы мен ұрыс қимылдарының күшеюі халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудыруда.