Израиль Газа секторының орталығында алғашқы құрлық операциясын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Газа секторының орталығындағы Дейр эль-Балах қаласында алғашқы құрлық операциясын бастады. Бұл кепілге алынғандардың отбасыларының алаңдаушылығын тудырды, олар жақындарының сол жерде болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Euronews.
ЦАХАЛ Газа секторының орталығын эвакуациялауға бұйрық берген күннің ертеңіне Израиль танктері Дейр эль-Балахқа кірді.
Бақылаушылардың атап өтуінше, Дейр-эль-Балах Израиль мен ХАМАС арасында 21 айға созылған соғыс кезінде жерүсті операциялары іс жүзінде өткізілмеген Газа орталығындағы санаулы аймақтардың бірі болып қалған. Қала Газаның оңтүстігінен қоныс аударған мыңдаған палестиналықтарды қабылдап отыр, сондай-ақ ол орталық орналасуына байланысты тұрақсыз көмек жеткізудің негізгі орталығы.
Израиль қорғаныс армиясы соңғы операцияның мақсаттары туралы әзірге мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ израильдік дереккөздердің хабарлауынша, ЦАХАЛ-дың осы уақытқа дейін Дейр-эль-Балахтан алыстау себептерінің бірі ХАМАС сол жерде кепілге алынған адамдарды ұстауы мүмкін деген күдікпен байланысты. Содырлар Газада 50 адамды тұтқында ұстап отыр, олардың кем дегенде 20-сы әлі тірі саналады.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері дүйсенбі күні Израильдің соңғы 24 сағатта жасаған соққыларынан кем дегенде 13 адамның, оның ішінде екі әйел мен бес баланың қаза тапқанын хабарлады.
Хабарланғандай, дүйсенбіде израильдік әскерилер гуманитарлық аймақ деп жариялаған уақытша шатырлы лагерь – Муваси ауданына да соққы жасалған.
Осы арада Франция, Біріккен Корольдік, Канада және Жапония сияқты 25 елдің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемеде қақтығысты «тез арада» тоқтатуға шақырып, «қабылданбайтын» гуманитарлық жағдайды айыптады.
- БҰҰ мәліметінше, 875 палестиналықтың көмек алуға әрекеттену кезінде қаза тапқаны қорқынышты, - делінген олардың мәлімдемесінде.
Қол қойған тараптар сондай-ақ АҚШ пен Израиль қолдайтын Газа гуманитарлық қорына (GHF) сілтеме жасай отырып, «Израиль үкіметі құрған көмек үлестіру моделі қауіпті, тұрақсыздықты өршітеді және газалықтарды адамдық қадір-қасиетінен айырады» деп санайды.
Айта кетейік, Иордания Газа секторынан 35 науқас баланы эвакуациялады.