Израиль ХАМАС тұтқындарын босату бойынша жаңа ұсыныс әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңартылған ұсыныста бірінші кезеңге – тұтқындарды босатуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, ХАМАС келісімнің бір бөлігін жүзеге асыруға ашық екенін көрсетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің арнайы тілшісі Axios басылымына сілтеме жасап.

Израиль представил обновленное предложение по сделке с заложниками ХАМАС
Фото: Gaza Now @nowgnna

Америкалық басылым Израильдің екі шенеунігіне сілтеме жасап, жаңартылған ұсыныстың тамыз айында талқыланған, бірақ жүзеге аспаған ұсыныстан аса көп өзгермегенін, алайда қазір ол бірінші кезеңді орындауға ерекше бағытталғанын атап өтті.

Ресми тұлғалардың айтуынша, ХАМАС икем танытып, келісімді тіпті ішінара жүзеге асыруға дайын екенін білдірген.

Енді Израиль 60 күнге дейін ұзаратын атысты тоқтату нұсқасын қарастыруға дайын, бұған дейін бірінші кезең 42 күнмен шектелген еді. Атысты тоқтату режимі кезінде тірі қалған барлық тұтқындар (әйелдер, 50 жастан асқан ерлер және ауыр сырқаты барлар) босатылады. Израиль осы санаттағы 33 тұтқынды босатуды талап етуде, бірақ олардың санының айтарлықтай азайғанын түсінеді.

Израиль бұрынғыдай жүздеген палестиналық тұтқынды, оның ішінде өлімге алып келген терактілер үшін өмір бойына сотталған кейбір тұтқындарды босатуға дайын.

Axios хабарлағандай, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, бірнеше жоғары лауазымды министрлер және арнайы қызмет басшылары бұл ұсынысты жексенбі күні мақұлдаған. Кейін ол Мысыр өкілдеріне тапсырылып, дүйсенбі мен сейсенбі күндері Каирде ХАМАС мүшелеріне таныстырылған.

Қазіргі уақытта Мысыр ХАМАС-пен келіссөздер жүргізудің негізгі арнасына айналды. Дегенмен, Қатар ара ағайын ретіндегі рөлінен бас тартқаннан кейін де келіссөздерге қатысуын жалғастыруда.

Бұл уақытта Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша кеңесшісі болып тағайындалған Массад Булос Le Point француз басылымына «екі тарап келісімнің жалпы шеңберін мақұлдағанын» хабарлады.

— Соғыс іс жүзінде аяқталды, — дейді ол. — Айтарлықтай әскери іс-қимылдар жүргізіліп жатқан жоқ. Ендігі жалғыз мәселе — тұтқындар, екі тарап бірнеше рет кепілдегі адамдар мен палестиналық тұтқындарды айырбастау туралы уағдаласқан болатын. Келісімнің негізгі ережелері анықталды, тек бірнеше есімдерге, палестиналық тараптан босатылатын адамдар санына және алмасу жүргізілетін кезеңге қатысты ұсақ-түйек мәселелерді реттеу қалды, — деп түсіндірді Булос.

Қазіргі уақытта Израиль мысырлық делдалдар арқылы ХАМАС тарапынан жауап күтіп отыр. Егер ХАМАС оң жауап берсе, Израиль делегациясы Каирге барып, атысты тоқтату күндерінің саны, босатылатын тұтқындардың саны және әрбір тұтқынға айырбасталатын палестиналық тұтқындар саны сияқты мәселелерді түпкілікті келісуге тырысады.

Сонымен қатар, Израиль армиясы Газа секторына шабуылдарын жалғастыруда. Сәрсенбі күні израильдік күштер Газа секторындағы «әл-Маваси қауіпсіз аймағына» соққы беріп, кемінде 21 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. AlJazeera хабарлауынша, әл-Маваси аймағындағы шатырлы лагерьге соққы кезінде балалар мен әйелдер тірідей жанып кеткен. 

Израиль басшысы Нетаньяху кепілге алынғандарды қайтарғандарға ақша уәде етті.

Бұған дейін Израильдің Халықаралық қылмыстық сот шешіміне қарсы шағым түсіргенін хабарлаған едік.

Израиль министрі еврейлерді Газаға қоныстандыруға шақырды.

Өткен аптада Израиль Газа секторын бомбалауды күшейтіп, соққылардан 42 адам қаза тапты.

 

Соңғы жаңалықтар