Израиль күштері Газаның солтүстігіне қайтып оралмақ болған палестиналықтарға оқ жаудырды

Израиль әскері Израиль мен ХАМАС арасында жұма күні жасасқан бітімнің алғашқы күнінде екі палестиналық азаматты өлтіріп, 11-ін жарақаттады. Оқиға бұған дейін Газа секторының оңтүстігіне эвакуацияланған палестиналықтар Израиль әскерінің оларға орнында қалып, Газа секторындағы соғыс қимылдары аймағына жақындамауы туралы ескертуіне қарамастан сектордың солтүстігінде үйлері мен меншігін тексеруге әрекет еткенде болған. Kazinform бұл туралы Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Израиль күштері
Фото: rt.com

Жұма күні таңертең Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Газа үстінен үндеу парақтарын шашып, онда тұрғындарды сектордың солтүстігіндегі үйлеріне қайтып оралмауын, себебі бұл аудан әлі де соғыс қимылдарының аймағы, қайтып келуге тыйым салынғанын және қауіпті екенін ескертті. 

Негізінде Израиль әскерилері ХАМАС Газа тұрғындарын анклавтың солтүстік бөлігіне оралуға талпындыруға немесе итермелеуге тырысады деп күткен. Осы себепті Израиль армиясы жиналғандарды тарату әдістерін қолдануға дайын екенін айтып, халықты Газа секторының солтүстігіне қайта оралмауын ескертті. 

Осыған қарамастан, жұма күні таңертең Израиль мен ХАМАС арасындағы төрт күндік бітім күшіне енгеннен кейін куәгерлер жүздеген палестиналықтардың Газа секторының солтүстігіне бармақ болғанын байқады. Олардың хабарлауынша, Израиль әскерлері солтүстікке өтпек болған адамдарға оқ жаудырған. 

Басылымның таратқан дерегінде, жарақат алғандар мен қаза болғандардың денелері Газа секторының оңтүстігіндегі Дейр-әл-Балах қаласының «Әл-Акса азапталушылары» ауруханасына жеткізілді. Жарақат алғандардың аяқтарына оқ тиген. 

Aнадолы ақпарат агенттігінің денсаулық сақтау көздеріне сілтеме жасап хабарлаған мәліметте, Израиль әскерилерінің оғынан бір адам көз жұмағаны жазылған. Жеті апта бұрын палестиналық топтың Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге қанды шабуыл жасауымен басталған ХАМАС пен Израиль арасындағы соғыстың алғашқы күндерінен бері Израиль армиясының бұйрығымен жүздеген мың адам анклавтың солтүстігіндегі үйлерін тастап кетті.