Израиль Ливандағы әскери операциясын кеңейтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі Захрани өзенінен оңтүстікке қарай орналасқан аумақ тұрғындарына шұғыл түрде эвакуациялану туралы бұйрық берді, деп хабарлайды ALJazeera.

Ливан
Фото: ALJazeera

Әскерилер эвакуация аймағында қалған адамдардың өміріне қауіп төнетінін ескертті.

Соңғы бір тәуліктің өзінде осындай 10-нан астам ескерту жарияланған.

Израиль күштері Ливан аумағының ішкері бөлігіне қарай жылжып келеді.

Әскер 2006 жылдан бері алғаш рет Литани өзенінен өтті.

Сондай-ақ Израиль әскері Набатия қаласының маңындағы стратегиялық маңызы жоғары Бофор қамалын бақылауға алды.

Набатия — өңірдегі ірі экономикалық және мәдени орталықтардың бірі.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл операцияны маңызды тактикалық жетістік деп бағалады.

Құрлықтағы әскери іс-қимылдармен қатар қақтығыстар да жалғасып жатыр.

Хезболла қозғалысы ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді қолданып жатыр.

Мәліметтерге сәйкес, кейбір дрондар әуе қорғанысы жүйелерін айналып өткен.

Ливан үкіметі Израильді «күйдірілген жер» тактикасын қолданды және бейбіт тұрғындарды ұжымдық жазалауға ұшыратты деп айыптады.

Сонымен қатар тараптар арасындағы бітім жөніндегі келіссөздер әзірге нәтиже бермей отыр.

Осыған дейін Израиль бір тәулікте Ливан аумағына 108 соққы жасағаны туралы жаздық.