Израиль Ливандағы пейджерді бомбалау операциясын дайындауға 15 жыл жұмсаған
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль 15 жыл бойы Ливанда пейджерлерді жару операциясын жоспарлап келген. Бұл туралы түрлі дереккөздерге сілтеме жасаған ABC телеарнасы хабарлады.
Олар Ливанның әртүрлі аймақтарында жарылған байланыс құрылғыларын өндіруге еврей мемлекетінің қатысы бар екенін растады. Бұл үшін Израиль пейджерлерді шығарумен байланысты бірнеше алдыңғы қатарлы компанияларды құрған. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындардың кейбір қызметкерлері нақты кімге жұмыс істейтінін де білмеген.
Осы ұйымдардың бірі Будапешттегі BAC Consulting болып табылады, ол Тайваньның Gold Apollo брендімен пейджерлерді шығаруға келісім-шартқа отырған, деп хабарлайды ABC. Алайда Мажарстан үкіметінің өкілі телеарнаға бұл құрылғылардың Мажарстанда жоқ екенін және BAC Consulting тек «делдал» екенін және елде ештеңе өндірмейтінін айтқан.
ABC дереккөздері сондай-ақ АҚШ Орталық барлау агенттігі мұндай операцияларды бейбіт тұрғындар үшін тым қауіпті деп санайтынын және сондықтан өз операцияларында мұндай тактикадан бас тартатынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 17 және 18 қыркүйекте Ливанда көптеген байланыс құралдары жарылыс болды. Ливанның әртүрлі бөліктерінде күн батареялары мен литий-иондық батареялардан жұмыс істейтін телефондар мен құрылғылар жарылған.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, елде сейсенбі және сәрсенбі күндері болған жарылыстардан 37 адам қаза тауып, 708-ден астам адам жараланған.