Израиль Ливанның солтүстік-шығысынан соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM - Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыштары Ливанның солтүстік-шығыс бөлігіндегі қалалар мен елді мекендерге қарқынды рейдтер жүргізді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Lebanon 24 ақпарат порталының хабарлауынша, Баалбек пен Хермел маңындағы 20 елді мекенге, соның ішінде Бритель, Дурис, Сарин және Шимстар қалаларына әуе шабуылы жасалған.
Зардап шеккендер туралы ақпарат бар: Будай ауылының алты адамнан тұратын отбасы қаза тапқан.
Бұған дейін Израиль Ливанның оңтүстігіне шабуыл жасаған болатын. Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы тәулікте әуе шабуылдары салдарынан 38 азамат қаза тауып, тағы 124 адам жараланған.
Еске салайық, Қатарда кепілге алынғандарды айырбастау және Газа секторында бітімге келу туралы келіссөздердің қайта жандануы аясында Қатардағы Хамас саяси бюросының жоғары лауазымды мүшесі Хусам Бадран дүйсенбі күні келісімге келу мүмкін екенін айтты. Оның бұл сөздері Хамасқа қарасты Shehab ақпарат агенттігі таратқан қысқа хабарламада айтылған.