Израиль мамандары АХҚО-ға транзацияларды мінсіз жүргізуге көмектеспек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Израиль мамандары «Астана» халықаралық қаржы орталығына транзакцияларды қауіпсіз әрі сенімді жүргізуге көмектеспек. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Be'er-Sheva кибер-паркінің негізін қалаушы Узи Звебнер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Беэр-Шевадағы зертханамызда болды. Біз ол жерде Қазақстанда бар транзакцияның айырмашылығын көрсеттік. Әрине, айырмашылық өте үлкен. Банктік транзакция арқылы онлайн жүргізілетін операциялардың қорғанысын жасауға тырысамыз. Бұл қаржылық операцияларды қолданатын адамдар болашақта транзакцияны мінсіз болуы үшін жасауда», - деді ол.
Оның айтуынша, мұндай жұмыстар қаржы секторын, сервистерді жақсарту үшін ІТ, блокчейн және киберқауіпсіздік сынды салаларды қамтиды. Осы ретте шетелдік сарапшы қазақстандық мамандар үшін арнайы тренингтік бағдарламаның әзірленгенін де атап өтті.
«Израильдегідей бұл жерде де киберқауіпсіздік саласының ІТ-мамандарына арналған жұмыс орындарын құруға тырысамыз. Сол мамандарға көмек көрсету мақсатында тренингтік бағдарламалар да әзірленбек», - деді Узи Звебнер.
Айта кетейік, форумының ашылуында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпірге айналатындығын айтты.
Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға.
Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда.
Форум аясында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясы өтеді. Сонымен қатар сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков қатысады деп күтілуде.