Израиль мен Ливан Вашингтонда келіссөздердің жаңа кезеңін бастады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Израиль мен Ливан арасындағы шиеленісті бәсеңдету мақсатындағы делдалдық күш-жігерін жалғастырады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Сейсенбі күні Вашингтонда АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің төртінші кезеңі басталды.
Кездесу АҚШ Мемлекеттік департаментінде өтіп жатыр және екі күнге созылады. Келіссөздерге Израиль мен Ливан өкілдері қатысуда. Екі мемлекет 1948 жылдан бері ресми түрде соғыс жағдайында қалып отыр.
Israeli and Lebanese officials are meeting in Washington DC for a fourth round of talks. @Mike_Wagenheim
— i24NEWS English (@i24NEWS_EN) June 2, 2026
Israel's delegation is led by Ambassador Yechiel Leiter and includes Deputy National Security Adviser Yossi Draznin, IDF Planning Directorate official Amichai Levin, and… pic.twitter.com/a1S67I45w6
Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігі (NNA) делегациялардың Вашингтонға келіп, талқылауларға кіріскенін хабарлады. Әзірге келіссөздердің күн тәртібі жарияланған жоқ.
Келіссөздердің жаңа кезеңі АҚШ президенті Дональд Трамптың Израиль мен «Хезболладан» жағдайды ушықтырмауға қатысты кепілдік алғаны жөніндегі мәлімдемесінен кейін басталды.
Келіссөздер Израильдің Ливан аумағындағы әскери операциялары жалғасып жатқан кезеңде өтіп жатыр. Бейрут Израильдің әрекеттері АҚШ-тың арағайындығымен 17 сәуірде күшіне енген атысты тоқтату режимін бұзады деп есептейді. Кейін бұл келісім шілде айының басына дейін ұзартылған болатын.
Бұған дейін Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Израиль күштері Бейрутқа қарсы әскери операция жүргізбейтінін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ Иран Ливандағы жағдайға байланысты АҚШ-пен арадағы делдалдар арқылы жүргізіліп келген байланыстарды уақытша тоқтатқанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Вашингтонда Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші кезеңі өткен болатын.