07:35, 20 Тамыз 2010 | GMT +5
Израиль мен Палестина қыркүйек айында келіссөзді жандандыруы ықтимал
АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат - Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі Палестина мен Израильдің арасындағы тікелей келіссөз алдағы қыркүйек айында жандануы ықтимал. Бұл туралы журналистерге АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі анонимді дереккөз хабарлады. Оның айтуынша, келіссөзді жандандыру туралы тараптар арасындағы келісімге «қол жеткізіліп отыр», деп хабарлайды РБК агенттігі.

Дереккөздің атап көрсетуінше, тамыздың 20-сында таяушығыс проблемасымен айналысатын «келіссөз төрттігінің» (оған АҚШ, Ресей, Еуроодақ және БҰҰ кіреді) ресми мәлімдемесі жасалып, онда келіссөздің басталу мерзімі жарияланбақ.
Тель-Авив пен Рамалланың арасындағы келіссөз 2008 жылдың соңында тоқтап қалған болатын. Сол жолы Израиль Газа секторында билік жүргізуші ХАМАС қозғалысының әскери инфрақұрылымын жоюды мақсат еткен операцияны бастаған еді.