Израиль өрттің өршуіне байланысты алты елден көмек сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Тель-Авив әкімшілігі Грекия, Хорватия, Италия және Оңтүстік Кипрдің грек әкімшілігін қоса алғанда 6 елден халықаралық көмек сұрады, деп жазады Анадолы.

ИЕРУСАЛИМ
Иерусалим мен Тель-Авив арасындағы өрт салдарынан 5 елді мекеннің эвакуациялануына байланысты Израиль үкіметі тілсіз жаумен күресу үшін халықаралық көмекке жүгінді.
Израиль өрт сөндіру қызметі Неве-Шалом, Бекоа, Таоз, Нашшон және Месилат-Цион елді мекендері Иерусалим мен Тель-Авив арасындағы Эштаоль орманында тарала бастаған өртке байланысты эвакуацияланғанын хабарлады.
Израиль KAN мемлекеттік телеарнасының жаңалықтарында Тель-Авив әкімшілігі Грекия, Хорватия, Италия және Оңтүстік Кипрдің грек әкімшілігін қоса алғанда, 6 елден халықаралық көмек сұрағаны айтылды. Өрт сөндіру ұшақтарының келуіне дайындық жүргізіліп жатыр.
KAN агенттігінің хабарлауынша, 12 өрт сөндіру ұшағы және 50 құтқару мен өрт сөндіру жасағы қатты желдің әсерінен таралып жатқан өртті оқшаулау жұмыстарын атқарып жатыр.
Иерусалим мен Тель-Авив арасындағы кейбір автомагистраль жабылды.
«Анадолыға» берген сұхбатында Израиль полициясының баспасөз хатшысы Дин Эльсдунн өңірдегі өрттің таралып, елдің басты автомагистральдарының бірі — № 1 тас жолына жақындағанын айтты.
— Полиция мен өрт сөндіру бригадасы азаматтарды ауданнан эвакуациялау үшін тез және тынымсыз жұмыс істеп келеді, осылайша өрт сөндіру бригадасы өз жұмысын атқарып, өрттің өршуін оқшаулай алады, — деді ол.
Израиль армиясының X әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеде бас штабтың бастығы Эяль Замир тыл, әуе күштері басқармасы және әскери бөлімдерге полицияға, өрт сөндірушілерге және құтқарушыларға өртпен күресу үшін қажетті көмек көрсетуді бұйырғаны айтылған.
Израильдегі төтенше жағдайға байланысты Тәуелсіздік күні тойланбайды
Ауқымды өрттерге байланысты Батыс Иерусалимдегі Герцль тауындағы Тәуелсіздік күнінде факел жағу рәсімі тоқтатылды.
Израильдің көлік және жол қауіпсіздігі министрі Мири Регев X әлеуметтік желісінде қауіпсіздік қызметкерлері өртке қатысты жағдайдан кейін Герцль тауы маңындағы төбелерде рәсім өткізбеу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
Екі күн бұрын Мири 4000 адам қатысқан Тәуелсіздік күнінде факел жағу рәсімінің дайындығы эфирде көрсетілетінін мәлім еткен еді.
Бұған дейін Үндістанда қонақүйдегі өрттен 14 адам қаза тапқанын жазған едік.