Израиль полициясы тағы да әл-Ақсаға шабуыл жасады

ИЕРУСАЛИМ. ҚазАқпарат – Иерусалимде Ғибадатхана тауындағы әл-Ақса мешіті екінші түн қатарынан шиеленіс орталығына айналды. Израиль полициясы ондаған адам баррикадаланған мұсылмандардың киелі ордасына кіретін жерге тағы да шабуыл жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
None
Фото: ru.euronews.com

Мешіт істері жөніндегі діни басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, конфронтация кезінде күштік құрылым қызметкерлері жарық-шу гранаттарын пайдаланып, резеңке оқ атқан. Палестиналық Қызыл ай кем дегенде алты адам зардап шеккенін айтты.

Текетірес мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазан мен еврейлердің мерекесі – Песах аясында шиеленісіп отыр. Түрлі аудандардан тәртіпсіздіктер, палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы қақтығыс, оның ішінде қару қолданылған жанжалдар туралы ақпараттар түсіп жатыр. Израиль билігі палестиналықтардың аумағын пасхалық қоршауға алу басталғанын мәлімдеді. Әскерилер Газа секторынан зымыранмен оқ ату жалғасып жатқанын хабарлады.

Жағдайды полицияның сәрсенбіге қараған түні әл-Ақса алдындағы операциясы ушықтырып жіберді. Израиль күштері мешітке басып кіріп, сол жерде палестиналық белсенділермен текетірес жалғасқан. ІІМ мәліметі бойынша, 350-ден астам адам ұсталды. Рамазан кезінде қасиетті орындағы күш көрсетуді Араб мемлекеттері лигасы сынға алды. АҚШ шиеленісті азайтуға шақырды. БҰҰ мемлекеттік хатшысы Антониу Гутерриш қапа болғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Израиль полициясы Шығыс Иерусалимдегі әл-Ақса мешіті аумағына тексеріс жүргізу кезінде сәрсенбі күні таңда палестиналық діншілдерді тұтқындағаны хабарланған болатын. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, сәрсенбі күні 400-ден аса палестиналық азамат тұтқындалған, олар Израильде қамауда отыр.


Соңғы жаңалықтар
Референдум