Израиль премьер-министрі: барлық тұтқын тірі не өлі болсын қайтарылады

АСТАНА. KAZINFORM –  Израиль билігі тұтқындарды қайтару үшін қарқынды келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Анадолы хабарлады. 

Израиль премьер-министрі: барлық тұтқын тірі не өлі болсын қайтарылады
Фото: Анадолы

Израиль билігі Газадағы израильдік тұтқындарды қайтару мәселесіне қатысты «қарқынды келіссөздер» жүргізіп жатыр.

Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдің атысты тоқтату келісімін бұзып, Газа секторына жаппай шабуылдарды қайта бастағаннан кейінгі қоғамдық қысым аясында мәлімдеді.

Айта кетерлігі, Нетаньяху кеңсесі келіссөздер барысына қатысты түсініктеме бергеннен кейін ХАМАС делдалдар ұсынған жаңа атысты тоқтату және тұтқын алмасу жөніндегі ұсынысты қарастырып жатқанын хабарлады.

Maariv газетінің хабарлауынша, Нетаньяху Газада тұтқында отырған үш израильдік сарбаздың аналарына телефон соққан. Премьер-министр сарбаздарды қайтару үшін қазіргі уақытта қарқынды келіссөздер жүріп жатқанын айтып, барлық тұтқынның «тірі болсын, өлі болсын» қайтарылатынына сендірді.

ХАМАС өкілдері халықаралық араағайындар берген ұсыныстың қаралу үстінде екенін, оған қатысты кеңестер жалғасып жатқанын және жауап жақын арада берілетінін мәлімдеді.

Палестиналық қозғалыс сондай-ақ атысты тоқтату туралы жаңа ұсыныс мәтінінде айтылған қарусыздану идеясын үзілді-кесілді қабылдамайтынын жеткізді.

— Қарулы қарсылық, бұл біздің қызыл сызығымыз. Оны тапсыру туралы сөз де болмауы тиіс, — деді ұйым жетекшілерінің бірі Сами Абу Зухри Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында.

Айта кетелік Нетаньяху Газадағы 10 израильдік тұтқынды босатуға ниетті

Соңғы жаңалықтар