Израиль «соғыс жағдайында»: Қазіргі сәттегі ахуал қалай?

Хамас
Фото: Abedelhakim Abu Riash/Al Jazeera

Сенбі күні Палестинаның ХАМАС қозғалысы Израильге соңғы жылдардағы ең үлкен шабуылдардың бірін жасады, онда Газа секторынан Израиль қалаларына мыңдаған зымырандар атылды, ал қозғалыс жасағы Израиль шекарасынан өтіп, шағын қалаларды басып алып, адамдарды тұтқынға алды. «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі Израильдің бұған қалай жауап бергенін және қазіргі сағатта не белгілі екенін оқырман назарына ұсынады.

Не болды?

Сенбі күні таңертең ХАМАС қозғалысы «әл-Ақса топан суы» әскери операциясын бастады, онда 5 мың зымыран атылған (Израиль мәліметтері бойынша 2200 зымыран), сондай-ақ Израиль аумағына жасақ кірген. Зымырандардың алғашқы легі Израиль аумағына жергілікті уақытпен таңғы 06.30-да (Астана бойынша 9.30-да) түскен, оның бір бөлігі Тель-Авивке жеткен.

Хамас шабуылы Симхат Тора күнінде болды, бұл еврейлердің Суккот немесе Кущей деп аталатын бір апталық мерекесі аяқталатын күн.

Бір уақытта Хамас жасақтары Израильдің оңтүстік аймақтарына еніп, сол жерде бірнеше елді мекенді басып алған. Шабуыл әуе, теңіз және құрлық әскери күштерінің қатысуымен болған.

Израиль Қорғаныс армиясы палестиналық шабуылды «Парапланмен, теңізде және жерде болған аралас рейд» деп атады. Оған қоса, Израиль армиясы Газа секторының солтүстігіндегі Эрез бақылау-өткізу пунктінен айырылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, ХАМАС жасақтары Израильдің бірнеше азаматын тұтқынға алған, оның ішінде бейбіт тұрғындар мен әскерилер, тіпті жоғары шенді офицерлер бар.


Себептері

ХАМАС өкілі Халед Кадоми Al Jazeera телеарнасына топтың әскери операциясы палестиналықтар ондаған жылдар бойы бастан өткерген барлық қатыгездіктерге жауап екенін айтты.

«Біз халықаралық қауымдастықтың Палестина халқына, әл-Ақса сияқты қасиетті жерлерімізге қарсы Газадағы қатыгездікті тоқтатқанын қалаймыз. Мұның бәрі осы шайқастың басталуына себеп болды», - деді ол.

«Бұл жердегі соңғы оккупацияны тоқтату үшін Израильге 5000 зымыран атылды», - деді Хамас жауынгерлік қанатының әскери қолбасшысы Мұхаммед Дейф.

Telegram-да жарияланған мәлімдемеде ХАМАС «Батыс жағалаудағы қарсыласу жасақтарын», сондай-ақ араб және ислам елдерін шайқасқа қосылуға шақырды.


Израильдің жауабы

Шабуылға жауап ретінде Израиль «соғысқа дайындық жағдайын» жариялады. Израиль Қорғаныс министрі Й. Галант Газа секторынан 80 шақырым радиуста төтенше жағдай жариялады және резервшілерді жұмылдыруды мақұлдады.

Израиль ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиналысынан кейін «Темір қылыштар» әскери операциясын бастады, нәтижесінде Израиль әскери-әуе күштерінің жауынгерлері Газа секторындағы 21 нысанға соққы берді.

Израиль премьер-министрі Б. Нетаньяху өз елі "жеңіске жететін" соғыс жағдайында екенін айтты, ал Палестина шенеуніктері өздерінің аумақтарын Израильдің басып алуын тоқтату аймақтағы "қауіпсіздіктің, тұрақтылықтың және бейбітшіліктің" жалғыз кепілі екенін айтуда.

Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галлант ХАМАС Израильге қарсы соғыс бастаған кезде "үлкен қателік" жасағанын жеткізді.

Қазір

Қазіргі уақытта Кфар-Аза, Сдерот, Суфа, Нахал Оз, Маген, Беэри және Реим әскери базаларында, сондай-ақ олардың айналасында атыс болып жатыр, деп хабарлайды Times of Israel.

Сенбі күні кешке Палестина денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Израильдің әуе шабуылдарынан Газа секторында кем дегенде 198 палестиналық қаза тауып, 1,6 мыңнан астам адам жараланды.

Израиль денсаулық сақтау шенеуніктері ХАМАС шабуылдарынан кем дегенде 40 израильдік қаза тауып, 750 адам жараланғанын айтты. АҚШ Израильде өзін-өзі қорғауға қажеттінің бәрі болуы үшін жұмыс істейтінін жеткізді және Ұлыбритания, ЕО және Украина ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылдарын айыптады.

Иранның жоғарғы басшысының кеңесшісі Али Хосейни Хаменеи Иранның палестиналықтардың шабуылын қолдайтынын мәлімдеді. Ливанның "Хезболла" қарулы тобы "Палестина қарсыласу басшылығымен тікелей байланыста" екенін жариялады.

Газа денсаулық сақтау министрлігі адамдарды анклав ауруханаларында қан тапсыруға шақыруда. Орталық және оңтүстік Израильдегі әуежайлар коммерциялық және туристік мақсатта жабық. Жақын арада бүкіл Израильде мектептер жабылады. Германияның Lufthansa әуе компаниясы Израиль рейстерін Франкфуртқа бір рейске дейін қысқартты.

Соңғы жаңалықтар