Израиль үкіметі шетелдік журналистердің Газа аумағында еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді - Израильдің экс премьер-министрі
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Израиль үкіметі барлық елдердің журналистеріне Газа аймағында еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық медиафорум барысында журналистерге тікелей эфир арқылы Израильден сұхбат берген осы елдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмерт айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Естеріңізге сала кетейік, Израиль үкіметі қаңтар айында Палестина аумағында өткізген 3 апталық әскери операция барысында журналистердің бұл аумаққа келуіне тыйым салған болатын. Эхуд Ольмерт Израильдің бұл әрекетін журналистердің қауіпсіздігі үшін жасалды деп түсіндіріп отыр. «Операция халық көп шоғырланған аумақта өткізілді. Сондықтан біз олардың тағдырына алаңдадық және олардың өмірі үшін жауапты болғымыз келмеді», деді Эхуд Ольмерт. Ол сондай-ақ форумға қатысушы журналистердің Израиль және Газа аймағы мәселелеріне қатысты бірнеше сұрақтарына жауап берді. «Израиль Газа аймағында ешқандай химиялық қару қолданған жоқ және ешқандай халықаралық заңдылықтарды бұзған емес. Сондай-ақ журналистер де Израиль әскерінің нысанасы болған жоқ. Ал «Хамас» немесе «Хезболла» ақпарат тарату стансаларына келсек, олар БАҚ емес, террористік ұйымның құрылымдары» деді журналистер сұрақтарына жауап беру барысында. Ол сондай-ақ, Израиль үкіметінің пікірінше, БАҚ-ына бақылау жасау мүмкін еместігін, Израильдің оған ұмтылмайтынын және барлық журналистерге Газа аумағында еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ бұл ретте Катар, Сауд Арабиясы аумағында израильдік БАҚ-ына жұмыс істеуіне мүмкіндік берілуі тиіс деген пікір білдірді. Форумға қатысушы журналистер Израильдің экс премьер-министріне елдің қазіргі халықаралық имиджін көтеру үшін Израиль үкіметі ақпаратты еркін алуға мүмкіндік жасауы қажеттігін ескертті.