Израильде билік ауысуы мүмкін: жаңа үкіметті кім жасақтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль президенті Ицхак Герцог елдің бұрынғы Бас штаб бастығы Гади Айзенкотқа жаңа үкіметті жасақтауды тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасаған Kazinform хабарлады.
Аталған шешім туралы Айзенкотқа 7 қараша күні кешке хабарланған. Израиль президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, үкімет құру жөніндегі ресми мандат оған 8 қарашада табысталады.
Герцог бұл шешімді 27 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін саяси партиялармен жүргізілген консультациялар нәтижесінде қабылдаған. «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкоттың кандидатурасын Кнессеттегі 67 депутаттық орынға ие партиялардың өкілдері қолдаған. Ал қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды 46 депутат қолдаған.
Айзенкотқа билеуші коалицияны жасақтау үшін 28 күн уақыт беріледі. Қажет болған жағдайда бұл мерзімді тағы 14 күнге ұзартуға мүмкіндік бар.
Парламентте басымдыққа ие болу үшін 120 депутаттың кемінде 61-інің қолдауына ие болу қажет. Алайда сайлау қорытындысы бойынша Айзенкот бастаған альянс 48 орынға, ал Нетаньяху блогы 53 орынға ие болған. Қалған 19 мандат араб партияларына бұйырған.
Айзенкоттың кандидатурасын ұсыну кезінде араб партияларының бір бөлігі оны қолдағанымен, саясаткер бұған дейін олардың өкілдерін үкімет құрамына енгізу мүмкіндігін жоққа шығарған. Сондықтан коалиция құру үшін оған өзге саяси күштермен келіссөз жүргізуге тура келеді.
Егер Айзенкот белгіленген мерзімде үкімет жасақтай алмаса, президент бұл мандатты басқа үміткерге тапсыра алады.
Ал жаңа үкімет жасақталғанға дейін Биньямин Нетаньяху премьер-министр міндетін атқаруды жалғастырады.
Бұған дейін Израильдегі парламенттік сайлау қорытындысы бойынша негізгі саяси блоктардың ешқайсысы үкіметті өз бетінше жасақтауға қажетті басымдыққа ие болмағаны хабарланған еді.