Израильде Flydubai ұшағында ерлік көрсеткен жолаушылар марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Израильде жолаушылар ұшағына жасалған шабуыл кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Бейсенбі күні Израиль президенті Ицхак Герцог Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсіндегі апаттың алдын алуға көмектескен алты израильдікке азаматтық ерлігі үшін президент медалін табыстады.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, марапаттау рәсімі президент резиденциясында өткен.
Марапатталғандардың алтауы да Flydubai әуе компаниясының рейсімен ұшқан Израиль азаматтары. Янив Хаюн, Цвика Манес, Ор Пардилов пен Асаф Раджуан ұшақ командиріне пышақ сұққан Оман азаматы – екінші ұшқышты ұстап, шабуылын тоқтатты. Дәрігер Шота Мусаев жараланған ұшқышқа шұғыл медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Ал Тали Манес оқиға туралы алғаш болып дабыл қақты.
— Сіздер ел мен бүкіл Таяу Шығыстың тағдырына әсер етуі мүмкін ірі авиациялық апаттың алдын алдыңыздар, – деді Ицхак Герцог.
I was honored to award 6 Israeli heroes of the flydubai flight with the Presidential Award for Civilian Heroism. I look forward to presenting the heroic Captain Smit Machchhar of India with the same award, once he fully recovers. The people of Israel salute you all! https://t.co/GRNKNH69fI
— יצחק הרצוג Isaac Herzog (@Isaac_Herzog) October 9, 2026
Израиль президенті ұшақ командирі Смит Маччхарға, әуе кемесін басқаруды өз қолына алған ұшқыштарға және жолаушыларды құтқаруға атсалысқан өзге де адамдарға алғыс айтты.
Герцог оқиғаның мән-жайын толық анықтап, жауапты органдардың әрекетіне тиісті баға беру қажет екенін атап өтті. Бұл мәлімдеме шетелдік әуе рейстерін бақылауда мемлекеттік органдар мен қауіпсіздік қызметтері олқылық жіберген болуы мүмкін деген ақпарат аясында жасалды.
— Осында жиналған батырлардың ерлігі мен тапқырлығы бізді толық жауап алу міндетінен босатпайды, — деді ол.
Парламент сайлауы қарсаңында Герцог қоғамды бірлік пен ынтымаққа шақырып, марапатталған азаматтардың әрекеті саяси көзқарасына қарамастан, бір-біріне қолдау көрсете алатынын дәлелдегенін айтты.
Азаматтық ерлігі үшін берілетін президент медалі 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылынан кейін тағайындалды. Бұл марапат — Израильдегі бейбіт тұрғындарға берілетін ең жоғары наградалардың бірі. Ол өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқару жолында ерекше батылдық танытқан азаматтарға беріледі. Марапатқа үміткерлерді президент жанындағы консультативтік комитет қарайды.
Еске сала кетейік, Flydubai ұшағындағы оқиға 30 қыркүйекте болған. Жолаушылар екінші ұшқыштың әрекетіне тосқауыл қойғаннан кейін әуе кемесі Сауд Арабиясына шұғыл қонды.
Кейін екінші ұшқыштың ұшақты Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына бағыттауды жоспарлағаны белгілі болды.