Израильде сайлау қарсаңында Иранға соққы беру мәселесі талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Израильде парламент сайлауы қарсаңында Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мәселесі саяси тартысқа себеп болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 27 қазанда өтетін Кнессет сайлауы қарсаңында Иранға алдын ала соққы беруді қолдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол сәрсенбі күні Израиль армиясының радиосына берген сұхбатында айтты.
Ол бұл пікірін сайлау алдында әскери қақтығысқа ұмтылып отыр деген саяси қарсыластарының айыптауына жауап ретінде білдірді.
— Қазір мұндай қадамға баратын қолайлы сәт емес, одан еш пайда жоқ, — деді Нетаньяху.
Сондай-ақ ол сайлаудан кейін Иранға соққы беру мүмкіндігі мен Вашингтонмен арадағы соңғы келіссөздердің мазмұнына түсініктеме бермеді. Премьер-министр Израильге шабуыл жасалған жағдайда, қарымта соққы беретінін тағы да атап өтті.
Нетаньяхудың айтуынша, Иран мен оған жақтас қарулы топтар сайлауға ықпал ету үшін Израильге шабуыл жасауы мүмкін. The Times of Israel басылымының хабарлауынша, қауіп Иранның тікелей шабуылынан немесе Газа секторындағы ХАМАС пен Ливандағы «Хезболланың» әрекетінен туындайды.
Бұған дейін БАҚ Нетаньяхудың АҚШ президенті Дональд Трампқа Израильдегі парламенттік және АҚШ-тағы аралық сайлауларға дейін Иранға қарсы әскери операцияларды қайта бастауды ұсынғанын хабарлаған. Алайда Израиль премьер-министрінің кеңсесі сайлау қарсаңында соғысты қайта бастауға ұмтылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Inside Trump, Netanyahu's dilemma: Strike Iran before elections or wait https://t.co/MIVO8ea0KK
— Axios (@axios) October 13, 2026
In meetings with his security & intelligence chiefs in recent days, Netanyahu claimed it was Trump, not him, who initiated the discussion about possibly hitting Iran before the elections, per Israeli official. According to this account, Trump asked Netanyahu if Israel would join
— Barak Ravid (@BarakRavid) October 13, 2026
Сонымен қатар Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранның шабуылына «Хезболла» қосылған жағдайда, Ливанның оңтүстігінде Израиль армиясы бақылауындағы аумақты кеңейтетінін ескертті.
Ливан аумағындағы Израиль жариялаған қауіпсіздік аймағына барған Исраэль Кац армияның жаңа құрлықтағы операцияға дайын екенін мәлімдеді.
— «Хезболла» ауыр соққыға ұшырап, Ливанның оңтүстігіндегі Набатия мен Литани өзені маңындағы аумақтардан тағы да айырылады. Бұл жерлер Израильдің тұрақты қауіпсіздік аймағына айналады, — деді министр.
Кац Бейруттың оңтүстік маңындағы «Хезболла» инфрақұрылымына соққы жасалатынын ескертіп, жаңа қақтығыс басталған жағдайда миллионнан астам ливандық шииттің баспанасын тастап, босып кетуі мүмкін екенін айтты.
Еске сала кетейік, өткен аптада Трамп 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы парламент сайлауына дейін Иранға шабуыл жасамайтынын хабарлаған еді.