Израильдегі «Болашақ» стипендиаттары елге қайтады

Израильдегі «Болашақ» стипендиаттары елге қайтады
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігі Израильдегі соғыс жағдайына байланысты ондағы «Болашақ» стипендиаттары елге қайтарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform

«Израильде «Болашақ» бағдарламасы аясында Rabin Medical Center, Sheba Medical Center және т. б. ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтетін 16 стипендиат болған. Бүгін 10 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те"Air Astana әуекомпаниясының рейсі Тель-Авивтен Алматыға ұшты. "Болашақ" бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен 14 қазақстандық азамат шұғыл эвакуацияланды. Ұлттық мереке кезеңінде Дубайға ұшқан тағы 2 студент Қазақстанға жақын репатриациялық рейспен қайтарылады», - деді министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ орталықтың баспасөз қызметі олардың оқуын жалғастыру мәселесін арнайы қарастыратынын жеткізді.

Айта кетейік, Израильдегі Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндаған еді.

«Қазірдің өзінде Қазақстанның 150 азаматын тізімге тіркедік. Арнайы рейстің ашылғанын таңертең жариялағандықтан, күндіз қоңырау шалған адам көп болды. Бағана айтқандай, біз тізімді әу бастан жасап қойғанбыз, кімнің қайда екенін алдын ала біліп отырдық. Соның арқасында жұмыс жеңіл өтті», - деді Сатыбалды Бұршақов. 


Бүгін таңғы 8:00-де Air Astana ұшағы Тель Авивке ұшып кеткен болатын. Қазақстандық студенттер мінген ұшақ елге түнгі уақытта жетеді. 

Соңғы жаңалықтар