Израильден елге қайтатын рейстердің тоқтауына бір әйел ғана кейістік білдірді - СІМ

 Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильден Air Astana рейстерінің кейінге шегерілуіне пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

ұшақ
Фото: ҚазАқпарат

«Жағдай өте күрделі. Тек бір әйел ғана өзінің кейістігін білдірді. Кеше ол ұшып кетті. Қалған азаматтар тып-тыныш күтіп, Air Astana оператормен байланысқа шығып отыр. Елшілік құрған чатқа әуе компаниясының қызметкерлері де қосылған», - деді Айбек Смадияров министрліктегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, Air Astana компаниясының дерегіне сәйкес, оннан астам азаматымыз билеттерін қайта брондап, басқа әуе компанияларымен Израильден ұшып кеткен.

«Үшеуі қайда ұшып шығатынын, не қалатынын әлі шешкен жоқ. Кейбір жағдайда күту жөнінде шешім қабылданды. Яғни, жағдай белгісіз. Бір адамның ғана пікіріне арқа сүйеу дұрыс емес. Негізінен, алғашқы күннен-ақ жағдай бақылауда. Бір ғана жайт, атап өткенімдей азаматтарымыз консулдық есепке тұрмайды. Ал азаматтарымызды іздеп табуға уақыт көп кетеді. Тек студенттеріміздің өзіне қоңырау шалуға бір күн кетті. Олар есепке тұрмаған. Ал шұғыл жағдайда әр минут санаулы болады», - деді ресми өкіл.