Израильдік кинокомпаниялармен ынтымақтастықтан бас тартқан танымал тұлғалар саны 4 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемге әйгілі актерлер, режиссерлер мен продюсерлер — олардың қатарында «Оскар», BAFTA, «Эмми» және Канн кинофестивалінің лауреаттары да бар — Израильдің геноцид пен апартеид қылмыстарына қатысы бар кинокомпанияларымен (фестивальдер, кинотеатрлар, баспагерлер мен продюсерлік компаниялар) ынтымақтастықтан бас тартатыны туралы ортақ мәлімдемеге қол қойды. Бұл құжатқа қол қойғандар саны 4 мыңнан асты, деп жазды Анадолы.

Израильдік кинокомпаниялармен ынтымақтастықтан бас тартқан танымал тұлғалар саны 4 мыңнан асты
Фото: Анадолы

8 қыркүйекте жарияланған мәліметке сәйкес, бұл хатқа алғашында 1300-ден астам адам, соның ішінде Оливия Колман, Марк Руффало, Риз Ахмед, Тильда Суинтон, Хавьер Бардем және Сьюзан Сарандон сынды танымал актерлер, сондай-ақ режиссерлер Йоргос Лантимос, Ава ДюВерней және Адам Маккей қол қойған. Қазіргі уақытта құжатты қолдағандар саны қысқа мерзім ішінде 4 мыңнан асты.

Хоакин Феникс, Эмма Д’Арси, Эрик Андре, Руни Мара, Гай Пирс, Эндрю Гарфилд, Эмма Стоун және Эллиот Пейдж сияқты көптеген танымал тұлғалар да осы мәлімдемеге қосылып, Израильдік кинокомпаниялармен жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

Мәтінде кино продюсерлері, актерлер, кино саласының қызметкерлері мен ұйымдары киноның қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөліне жауапты екенін түсінетіні айтылып, былай делінген:

— Газа секторында көптеген үкіметтер жаппай қырып-жоюды қолдап отырған бұл қиын кезеңде біз қатыгез террордың серіктесіне айналмау үшін бар күшімізді салуымыз керек.

Мәтінде Халықаралық Соттың Газада геноцид қаупі бар екенін «ақылға қонымды» деп танығаны және Израильдің палестиналық аумақтарды басып алуы мен апартеид қолдануы заңсыз деп шешкені еске салынып, барлық адамдар үшін теңдік, әділдік және еркіндікті қорғау — елемеуге болмайтын моральдық міндет екені атап өтілген.

— Біз палестиналық халыққа қарсы жасалып жатқан зорлық-зомбылыққа үнсіз қалмай, өз даусымызды көтеруіміз керек, — делінген мәлімдемеде. 

Палестиналық кинематографистер халықаралық киноиндустрияны үнсіздікті тоқтатуға және палестиналықтарға жасалып жатқан адамгершілікке жатпайтын қатынастар мен нәсілшілдікке қарсы шығуға шақырған.

Құжатта, сондай-ақ, келесі жолдар келтірілген:

— Апартеидке қарсы күрес жүргізген және өз фильмдерін Оңтүстік Африкада көрсетуден бас тартқан «Апартеидке қарсы кинематографистер» ұйымынан шабыт алған біз — кино саласының өкілдері — палестиналықтарға қарсы геноцид пен апартеидке қатысы бар израильдік кинокомпаниялармен (фестивальдер, кинотеатрлар, баспагерлер, продюсерлік компаниялар) жұмыс істемеуге, олардың іс-шараларына қатыспауға және фильмдерін көрсетпеуге міндеттенеміз.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоған Мелания Трампқа хат жолдап, Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа Украинадағы қақтығысқа көрсеткен сезімталдығымен бірдей мән беруге шақырған еді.