Израильдік қоныстанушылар еуропалық дипломаттарға шабуыл жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдік қоныстанушылар Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Палестина аумақтарына сапармен келген еуропалық дипломаттардың көлік колоннасына шабуыл жасап, Францияның 78 жастағы мэрін соққыға жықты, деп хабарлайды DW.

Израильдік қоныстанушылар француз мэрі мен дипломаттарға шабуыл жасады
Фото: Anadolu

Бұл туралы сенбі, 17 қазанда AFP агенттігі оқиға куәгерлері мен дипломаттардың өздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Бетперде киген қоныстанушылар Иордан өзенінің батыс жағалауындағы басым бөлігі христиандар тұратын Палестина ауылында Франция, Бельгия және Польша өкілдері отырған көліктерге шабуыл жасаған. Дипломаттар бұл жерге, соның ішінде қоныстанушылардың жергілікті тұрғындарға шабуыл жасауына жол бермеу мақсатында барған.

AFP мәліметінше, қоныстанушылар Францияның солтүстігіндегі Ольнуа-Эмери қаласының 78 жастағы мэрі Бернар Бодуға да шабуыл жасаған. Ол жарақат алғанымен, ауруханаға жатқызуды қажет етпеген. Бельгияның сыртқы істер министрі Максим Прево әлеуметтік желідегі «Х» парақшасында шабуыл кезінде француз дипломатының зардап шеккенін, сондай-ақ Бельгия делегациясының көлігіне зақым келгенін хабарлады.

Израиль билігі еуропалық дипломаттарға жасалған шабуылды айыптады. Атап айтқанда, елдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар бұл оқиғаны израильдік қоныстанушылар тарапынан жасалған «ауыр зорлық-зомбылық әрекеті» деп атады.

Бір күн бұрын қоныстанушылар «Вашингтон пост» газетінің журналисіне шабуыл жасаған.

Еуропалық дипломаттарға жасалған шабуыл Израильдегі сайлау науқанының соңғы күндерінде болды. Қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяху Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қоныстар тұрғындарының дауысына үміт артып отыр. Бұл қоныстар деп Израиль азаматтары елдің халықаралық деңгейде мойындалған аумағынан тыс жерде салған қалалар, жекелеген аудандар мен кибуцтер аталады.

Бір күн бұрын израильдік қоныстанушылар зәйтүн жинап жүрген палестиналықтарға шабуыл жасап, «Вашингтон пост» газетінің журналисі Хайди Левинге де күш қолданған. Олар журналисті жерге құлатып, аяқтарымен тепкілеген, сондай-ақ камералары мен телефонын тартып алған.

Басылымның хабарлауынша, журналистің денесінде көптеген жыртылған жара анықталып, қабырғасы мен төрт омыртқасы сынған. Шабуыл салдарынан саусақтарының бірі қатты зақымданғандықтан, оған қолына ота жасау қажет.

Журналистке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірген Нетаньяху «арабтар мен әсіре солшыл белсенділер шамамен 40 жас израильдікпен қақтығысқа түсті» деп мәлімдеді.

Осы айдың басында да израильдік қоныстанушылар Палестина аумағында AFP агенттігінің фотографы Джафар Аштиеге шабуыл жасаған. Олар оны мылтықтың дүмімен ұрып, жабдықтарын тартып алған.

Ұлыбритания, Франция және Канада Израиль қоныстарында өндірілген тауарларға санкция енгізді.

2026 жылғы қыркүйекте Ұлыбритания, Франция және Канада Иордан өзенінің батыс жағалауындағы халықаралық құқық тұрғысынан заңсыз деп саналатын Израиль қоныстарында өндірілген тауарларға санкция енгізді.

Дания, Финляндия, Исландия, Ирландия, Норвегия, Польша, Португалия, Испания және Швеция да осындай шараларды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін израильдік қоныстанушылардың Иордан өзенінің батыс жағалауында палестиналық отбасының үйлерін өртегені хабарланған болатын.