Израильдің Ливандағы лагерьге жасаған әуе шабуылынан 13 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ливанның оңтүстігіндегі палестиналық босқындар лагеріне жасалған Израиль әуе шабуылы салдарынан 13 адам мерт болды, деп хабарлайды Синьхуа.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Ливанның оңтүстігіндегі Сайда қаласында орналасқан Айн әл-Хильве босқындар лагеріне Израильдің сейсенбі кешкісін жасаған әуе шабуылы салдарынан кемінде 13 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды.
«Аль-Манар» жергілікті телеарнасының мәліметіне сәйкес, әуе соққысы Айн әл-Хильведегі халық тығыз орналасқан ауданға жасалған.
Телеарна хабарлағандай, жедел жәрдем көліктері жараланғандарды ауруханаларға жеткізіп жатқан кезде, Израиль әскери ұшақтары лагерь үстінен төмен биіктікте ұшуды жалғастырған.
Өз кезегінде Израиль әскері соққының ХАМАС-тың «Айн әл-Хильве ауданындағы жаттығу базасында әрекет етіп жүрген» жауынгерлеріне бағытталғанын мәлімдеп, бұл орын Израиль әскеріне қарсы шабуылдарды жоспарлау және жүзеге асыру үшін пайдаланылғанын қосып өтті.
— Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Ливандағы ХАМАС топтарына қарсы әскери операция жүргізіп жатыр және ХАМАС содырлары қай жерде болса да, оларға қарсы әрекетті жалғастыра береді, — делінген мәлімдемеде.
Бұдан бұрын Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі ХАМАС ұйымының оқу-жаттығу лагеріне соққы бергенін жазғанбыз.