Израильдің Ливанға жасаған әуе соққысынан 72 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы күндері Израильдің Ливан аумағына жасаған соққылары салдарынан 72 адам қаза тапты. Бұл туралы Ливан билігі мәлімдеді. 80 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, деп жазды BBC.

Израильдің Ливанға жасаған әуе соққысынан 72 адам қаза тапты
Фото: Анадолы

Израильдің Ливандағы операциялары дүйсенбі күні «Хезболла» қозғалысының Израильге жасаған соққыларынан кейін басталған. «Хезболла» шабуылдың нысанасы Хайфаның оңтүстігіндегі Израильдің әуе қорғаныс жүйесі болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олар бұл әрекетті Иранның жоғарғы рухани көсемі Ali Khamenei-дің өлтірілуіне кек қайтару және «Израильдің бірнеше мәрте жасаған агрессиялық әрекеттеріне» жауап деп атаған.

Бұл — 2024 жылдан бері Ливан астанасының маңына жасалған ең ауқымды израильдік шабуыл.

Сейсенбі күні таңертең Израиль–Ливан шекарасындағы жағдай күрт шиеленісе түсті. Ливандық БАҚ мәліметінше, Бейрут қаласының оңтүстігіндегі Дахия ауданына кемінде екі әуе соққысы жасалған. Аталған аудан Иран қолдайтын «Хезболла» тобының негізгі тірегі саналады.