Израильдің соққысынан Газада тағы 40 адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис аудандарының біріне жасаған соққысынан кемінде 40 адам қаза тауып, 60-ы жарақат алған, деп хабарлайды ХАМАС бақылауындағы Газа азаматтық қорғаныс басқармасы. Израильдің мәлімдеуінше, соққы содырлардың басқару орталығына бағытталған, деп жазады ВВС. 

палестина
Фото: Анадолы агенттігі

Ақпаратқа сәйкес, соққы босқындарға арналған шатырлы лагерь орналасқан Әл-Маваси ауданында жасалды.

«Біздің экипаждар көшірілген адамдардың шатырларына жасалған шабуылдан із-түссіз жоғалған 15 адамды табу үшін әлі жұмыс істеп жатыр», — деді AFP агенттігіне Газа азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Мохаммед әл-Мугайр.

Куәгерлердің хабарлауынша, түн ортасынан кейін көп ұзамай Әл-Маваси аймағында күшті жарылыстар естіліп, аспанды жалын шарпыды. 

Соққы жасалған жерге жақын тұратын қайырымдылық ұйымының еріктісі Халед Махмудтың айтуынша, ол және басқа еріктілер көмектесуге асықты, бірақ оқиғаның ауқымы таңқалдырды.

«Соққы салдарынан тереңдігі жеті метрлік үш шұңқыр пайда болған, 20-дан астам шатыр сонда көміліп қалды», — деді ол телефон арқылы BBC-ге.

Газа азаматтық қорғанысының өкілі Махмуд Бассальдің айтуынша, Әл-Маваси аймағында 200-ден астам шатыр болған және оның 40 шақтысы қираған.

Ол сондай-ақ аймақтағы палестиналықтарға соққы туралы алдын ала ескерту жасалмағанын қосып өтті.

ХАМАС-қа бағынышты Газа денсаулық сақтау минстрлігінің мәліметінше, былтырғы қазаннан бері Газада 40 900 шамасында халық мерт болған.