«Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі бағдарламасы таныстырылды
«Біз партиямыздың төрағасы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Жастар - Отанға!» бағдарламасының жобасын әзірлеген болатынбыз. Қазіргі таңда бұл жоба жастардың арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Бағдарлама жастардың барлық санатын қамтиды. Ол бес бағыттан тұрады. Біріншісі – азаматтық белсенділік, екіншісі – сапалы білім, үшіншісі – жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту, төртінші – жас отбасыларды баспанамен қамту және қолжетімді баспана, бесіншісі – тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу», - деді бағдарламаны ОКҚ алаңында таныстырған Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, бағдарлама жасалмас бұрын «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері ел бойынша онлайн және офлайн режимде 200-ге тарта кездесу өткізген.
«Сол кездесулердің аясында жастар тарапынан 4 мыңға жуық ұсыныс жинадық. Жалпы «Жастар - Отанға!» бағдарламасын әзірлеу барысында қандай мәселелерге ден қойдық. Біріншіден жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Екіншіден Канада, Германия секілді елдердің жастар саясатын қолдау бойынша халықаралық тәжірибелерін зерттедік. Сондай-ақ БҰҰ жастарды қолдау стратегиясы – осы бағдарламаның негіздерінің бірі болды. Жалпы бұл бағдарламаны дайындаған кезде Мемлекет басшысының Жолдауда жастарға қатысты айтқан мәселелерін қамтыдық», - дейді ол.
Айта кетерлігі, «Jas Otan» жастар қанатының құрамына 106 мың азамат бар.