JIBEK JOLY арнасы Париж Олимпиадасының жабылу салтанатын тікелей эфирден көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Париж Олимпиадасының жабылу салтанатын Jibek Joly арнасынан тікелей эфирде көре алады. Іс-шараның бағдарламасын ұйымдастырушылар әзірге құпия ұстап отыр.

2024 жылғы Жазғы олимпиада ойындарының жабылу салтанаты тамыздың 11-інен 12-сіне қараған түні, Астана уақытымен сағат 00.00-де басталады. Ал Jibek Joly арнасы әзірлеген тікелей эфир сағат 22.30-да басталады. Тікелей көрсетілімнің жүргізушілері — Дидар Қадыров пен Лилиана Әлжанова.
Ал Париж төрінен арна тілшісі Күнсая Құрмет пен комментатор Рауан Оқас қосылады.
Телеарна студиясына Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, Париж олимпиадасының қатысушысы, дзюдошы Әбиба Әбужақынова, Атлант Олимпиадасының чемпионы, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко шақырылып отыр.
Олимпиаданың жабылу салтанаты Париждің 80 мың адамға арналған Stade de France стадионында өтеді.
Еске салсақ, 26 шілдеде басталған Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде Қазақстанның медаль қоржынына бір алтын медаль түскен болатын. Одан кейінгі күндерде спорттың 25 түрінен сынға түскен өзге 79 спортшының ешбірі Елдос Сметовтің жетістігін қайталай алған жоқ.
11 тамыздың таңындағы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпы медальдер кестесінде 41-орында тұр.
Жалпы бұл жаһандық додаға додаға әлемнің 205 елдің 10 500 спортшысы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Биыл Олимпиада ойындарын елдегі телеарна көрсетуге мүмкіндік алған. Соның ішінде Jibek Joly арнасы да бар.