Jibek Joly арнасында алғашқы командалық телевизиялық дебат басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде бірінші тарихи Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партияның өкілдері пікірталасты бастады.
Саяси партиялардың өкілдері осымен үшінші ірі алаңда пікір таластырады. Бұған дейін саяси диалог екі республикалық телеарнада ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы ерекшелік — пікірталас командалық форматта өтеді, яғни әр партия 2 спикерден шығарды.
«Заң мен тәртіп — Әділетті Қазақстанның негізі» — дебатқа қатысушылар осы тақырыптың төңірегінде сөйлейді. Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігі, заңның үстемдігі, яғни тұрақты даму мен әділетті қоғам құрудың берік негізіне қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, сұрақтарға жауап береді.
Сұрақты дебатқа қатысушылар ғана емес, арнаулы WhatsApp нөмірі арқылы көрермен де қоя алады. Көрерменде теледебатқа қатысып жатқан партия өкілдеріне баға беру мүмкіндігі де болады. Атап айтқанда, QR-код арқылы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сауалнамасына қатыса алады. Ескере кететін жайт, бұл сауалнама нәтижесі — саяси партияларға берілген жалпы баға емес. Нақты теледебатқа қатысып жатқан партия өкілдерінің белсенділігі мен жауабы ғана бағаланады.
Теледебат 4 раундтан тұрады және белгіленген регламенттің сақталуы қатаң бақыланады. Бірінші кезеңде спикерлер партияның негізгі басымдықтары мен нақты ұсыныстарын таныстырады. Екінші кезеңде көрермен мен журналистер сауалдарына жауап береді. Үшінші кезеңде әр партия өз таңдауы бойынша кез келген бір партияға сұрақ қоя алады. Ал келесі шешуші кезеңде әрбір партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда нақты не істейтінін, қандай уәде беретінін айтады.
Бұған дейін хабарланғандай, 11 тамызда Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде саяси партиялар арасындағы сайлауалды теледебат алдындағы жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті белгілі болды.
1. «Ақ жол» партиясы — Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы — Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;
3. «Әділет» партиясы — Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;
4. Қазақстанның Халық партиясы — Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;
5. «Ауыл» партиясы — Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;
6. «Байтақ» партиясы — Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;
7. Respublica партиясы — Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова.
Айта кетейік, теледебатты сағат 20:00–де Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен, сондай-ақ телеарнаның ресми YouTube арнасынан көруге болады.
Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сайлау 23 тамызда өтеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның барлығының партиялық тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.